«Қазақстан-ЕО»: Астана өткен Ынтымақтастық комитетінің 23-ші отырысы бойынша баспасөз мәлімдемесі

Қазақстан мен Еуропалық Одақ 2026 жылғы 29 мамырда Астана қаласында Ынтымақтастық комитетінің 23-ші отырысын өткізіп, берік әріптестігін, сондай-ақ бейбітшілікке және халықаралық ережелерге негізделген тәртіпке деген ортақ міндеттемелерін тағы бір мәрте растады. 

Отырыс барысында екіжақты қарым-қатынастағы оң серпін аталып өтті. 2025 жылдың 4 сәуірінде Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен алғашқы тарихи ЕО-Орталық Азия Саммиті мен 2025 жылғы 4 желтоқсанда Еуропалық Кеңес Президенті Антонио Кошта мырзаның Қазақстанға жасаған сапары осы оң серпінге өз үлесін қосқан болатын.

Екі тарап Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында тығыз серіктестігін жалғастыруға және өзара әрекеттестігін, соның ішінде, саяси диалог пен заң үстемдігі, экономикалық және сауда қарым-қатынастары, энергетика және көлік, аса маңызды шикізат және өңірлік ынтымақтастық сияқты негізгі бағыттарда бірлескен жұмысын одан әрі тереңдетуге деген бейілділігін растады.  

Қазақстан мен ЕО Визалық режимді жеңілдету туралы келісім және Реадмиссия туралы келісім бойынша келіссөздердегі ілгерілеушіліктерді құптады. Сонымен қатар екі тарап адамдар арасындағы байланыс тақырыбына басты назар аударып, білім беру, ғылым мен азаматтық қоғам бағыттары бойынша өсіп келе жатқан ынтымақтастыққа да тоқталды.

Қазақстан мен ЕО өңірлік ынтымақтастық және соңғы халықаралық оқиғалар, соның ішінде Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы, сондай-ақ Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты. ЕО Қазақстанға өз аумағының санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылуына жол бермеу үшін қабылданған шаралар үшін алғыс білдіріп, осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті екендігін атап өтті.

Отырыс Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен ЕО-тың Еуропалық Сыртқы істер қызметінің Шығыс Еуропа мен Орталық Азия мәселелері бойынша Басқарушы директорының орынбасары Одроне Перкаускененің төралығымен өткізілді.