Адам құқықтары күні: Жоғарғы Өкілдің Еуропалық Одақ атынан жасаған мәлімдемесі
Адам құқықтары – бұл халықаралық конвенцияларда бекітілген заңды міндеттемелер ғана емес. Адам құқытары – күнделікті өмірімізде – сыныпта, жұмыс орнында, қоғамдық және онлайн кеңістікте – қорғауымызға тура келетін, күн сайын өзімізбен бірге алып жүріп, сезінетін түсінік. Бұл түсінік – өз қауымдастықтарымызда ойымызды білдіру, табыну, ұйымдастыру, сүю және қоғам өміріне қатысу құқықтарымызды қорғайды. Адам құқықтары барлығына, барлық жерде тиесілі.
Барлығымыз жалған ақпарат тарату мен демократияға нұқсан келтіру, сондай-ақ кемсітушілік, теңсіздік және соғыстың қорқынышты салдарынан артып келе жатқан қысымға тап болып отырмыз. Әлемнің көптеген бөліктерінде, соның ішінде Украинада және ЕО-пен көршілес басқа елдерде агрессия жағдайында миллиондаған бейбіт тұрғындар өмір сүру үшін күресуде.
Мұндай сәттерде «әр күнді адам құқықтары күн ету» деген уәденің өзектілігі арта түседі. Бұл бізге құқықтардың өзінен-өзі сақталып тұрмайтындығын еске салады. Ол үшін әрдайым назарда ұстап, қолдау көрсетіп, батылдық пен бірлік таныту қажет. Адам құқықтарын қорғау –барлық мемлекеттердің міндеті, ол әрқайсымызға осы құқықтарды өз әрекеттеріміз, қабылдаған шешімдеріміз және басқаларға көрсеткен құрметіміз арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Биылғы Адам құқықтары күнінде ЕО өз шекараларында да, шекарасынан тыс елдерде де адам құқықтарын қорғауға, бейбітшілікті, шындықты, әділдікті және жауапкершілікті ілгерілетуге деген берік міндеттемесін тағы бір мәрте растайды. ЕО Біріккен Ұлттар Ұйымы, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы және бүкіл әлем бойынша серіктестерінің барлық мемлекеттерді адам құқықтары саласындағы міндеттемелерін сақтауға және орындауға үндеуін үнемі қолдайтынын еске салады. Сонымен қатар биыл Еуропалық Одақтың Негізгі құқықтар хартиясының қабылданғанына 25 жыл толатынын атап өткіміз келеді.
Бүгін біз күнделікті әрекеттері осы құқықтарды шындыққа айналдыратын сансыз адамдарға құрмет көрсетеміз. Олар бізге бұл істе алға басу тек сот залдарында немесе парламенттерде ғана емес, қарапайым адамдар бейқамдықтың орнына мейірімділікті, қолайлылықтың орнына әділеттілікті, үндемеудің орнына батылдықты және бөлінудің орнына қадір-қасиетті таңдағанда болатынын еске салады.