Бірлескен баспасөз мәлімдемесі: 2-ші «Еуропалық Одақ - Орталық Азия» экономикалық форумы
2023 жылғы 18 және 19 мамырда Қазақстанның Алматы қаласында өткен екінші «Еуропалық Одақ - Орталық Азия» экономикалық форумы аясында ЕО пен Орталық Азия өкілдері ЕО пен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық маңыздылығының, өзектілігі мен қарқындылығының нығаюын ерекше атап өтті. Тараптар ортақ құндылықтар мен өзара мүдделерге негізделген берік, көп қырлы әрі болашаққа бағдар алған әріптестікті одан әрі дамытуға деген бірлескен мызғымас бейілділігін растады. Форум қатысушылары 2021 жылғы 5 қарашада Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен бірінші «Еуропалық Одақ - Орталық Азия» экономикалық форумының үш басым бағытын іске асыру барысын қарастырып, бизнес-ортаны жақсарту, жасыл және цифрлық көшу, сондай-ақ ЕО-Орталық Азия сауда-экономикалық қарым-қатынастарына ерекше назар аудара отырып, Орталық Азия экономикаларының үздіксіз трансформациясы бағытында бірлесіп жұмыс істеу ниетін атап өтті. ЕО-тың Орталық Азия бойынша стратегиясына сәйкес және ЕО-тың жоғары әлеуметтік, экологиялық стандарттарды сақтай отырып, сапалы инфрақұрылымға «ақылды» инвестицияларды ынталандыру бойынша ұсынысы – «Жаһандық қақпа» бастамасының 2021 жылы іске қосылғанынан кейін, тараптар тұрақты және сенімге негізделген өзара байланыстылық Орталық Азияның өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді деген келісімге келді.
Осыған сүйене отырып, тараптар:
- Форумның ЕО пен Орталық Азия арасындағы экономикалық диалог үшін өңірлік платформа ретіндегі өзгермейтін геосаяси және стратегиялық өзектілігін құптады.
- Форумның неғұрлым тығыз экономикалық қатынастарды орнатуға ықпал ететіндігін және Орталық Азия мен ЕО экономикаларын одан әрі әртараптандыру, ішкі және өңіраралық сауданы жандандыру, заң үстемдігін нығайту және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру есебінен инклюзивті әрі орнықты дамуға бағытталғанын атап өтті.
- БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарын, атап айтқанда, БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің тәуелсіздігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына құрметпен қарауды сақтауға бұлжымас бейілдігін білдірді.
- Бұған дейін аталған салалардан басқа, ынтымақтастықтың экологиялық және әлеуметтік тұрақтылықты дамытуға, сауда кедергілерін жоюға және инклюзивтілік қағидаттарын ілгерілетуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, жұмыс орындарын құруға, өңірлік және жаһандық нарықтарға интеграцияны тереңдету мен бизнес үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс деп келісті. Форумның «бизнес – бизнес» форматындағы бөлімі ЕО пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы іскерлік, сауда және инвестициялық қарым-қатынастарын ілгерілету мәнінде ерекше қолдауға ие болды.
Қауіпсіз әрі тартымды іскерлік және инвестициялық ортаны қалыптастыруға қатысты тараптар:
- ЕО-тың қолдауымен ЭЫДҰ дайындаған іскерлік климат жөніндегі зерттеулерді талқылап, іскерлік климатты жақсартудағы Орталық Азия мемлекеттерінің жетістіктерін оң бағалады.
- Орталық Азия елдерінің экономикасын жаңғырту және олардың салық салу, заңның бірмағыналылығы, бюрократиялық процедураларды азайту сияқты салаларда халықаралық нормалар мен стандарттардың ең жоғары деңгейлеріне сәйкес келуін қамтамасыз ету арқылы әлемдік нарықтарға, оның ішінде ЕО нарығына интеграциялануын жетілдіру мақсатында кәсіпкерліклер мен азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз ынтымақтастықта ауқымды реформалар жүргізуге күш-жігерін жұмылдыруды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
- Еуропалық Одақ пен Орталық Азия ынтымақтастығының өңірдің өркендеуіне қосатын үлесін құптады. Бұл, сондай-ақ, жоғары сапалы реформаларды жүргізуде елеулі қолдау көрсете алатын Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімдерді іске асыру арқылы мүмкін болып отыр.
- ЕО-тың бәсекеге қабілеттілікті арттыру, бизнес ортаны, сондай-ақ Орталық Азиядағы халықаралық және өңіраралық сауданы жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға бағытталған алдағы өркендеу бағдарламасына қатысты жоспарларын назарға алды.
- Жеке инвестицияларды тарту үшін инновациялық құралдардың маңыздылығын мойындады, сондықтан Еуропалық тұрақты даму қоры шеңберінде инвестициялар мен жеке секторды дамыту бойынша ЕО-тың жаңа кепілдік беру жүйелерінің жариялануын құптады.
- Еуропалық инвестициялық банкінің аймақтағы қатысуын ұлғайту туралы жарияланған ниетін құптады. Бұл ЕО-тың Орталық Азиядағы іс-әрекеттерін кеңейтіп, инвестицияларды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осының арқасында жергілікті ынтымақтастықты жақсартуға әрі тұрақты өзара байланыстылық пен ЕО-тың «Жаһандық қақпасының» басымдықтарына сәйкес орнықты, климаттық бейтарап өсу үлгісіне көшуге қосымша серпін береді.
«Жасыл» көшу және цифрлық трансформация мәселелері бойынша тараптар:
- Орталық Азиядағы климат өзгеруінің салдарын толығымен мойындай отырып, нөлдік шығарындылар экономикасына көшуді қамтамасыз ететін саясат әзірлеу және қабылдау қажеттілігін, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар құю және экологиялық таза электр энергиясының өңіраралық саудасын дамыту арқылы.
- Орталық Азия серіктестерінің күн, жел және гидроэнергетика әлеуетін толық көлемде пайдалану жөніндегі күш-жігерін қолдауға бағытталған су ресурстары, энергетика және климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі «Team Europe» өңірлік бастамасына бұлжымас қолдау білдірді.
- Орталық Азиядағы экологиялық тәуекелдермен, сондай-ақ Арал теңізі суының тартылуы салдарымен күресу жөніндегі жобаларды қоса алғанда, климат өзгеруі, суды ұтымды басқару және биоәртүрлілікті сақтау бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
- Орталық Азия мен ЕО арасындағы ұлттық және өңірлік деңгейде су мен энергетикалық қауіпсіздікке, өңірлік энергетикалық нарықтардың орнықтылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экономикалық өсуді, соның ішінде энергия ресурстарын жеткізудің баламалы жолдарын дамыту арқылы өзара қолдау көрсетуге ықпал ететін неғұрлым кең диалогқа шақырды. Бұл саладағы бірлескен өңірлік бағдарламалардың маңыздылығын атап өтті.
- Еуропалық Одақтың цифрлық өзара байланыстылық саласындағы «Team Europe» бастамасы шеңберінде цифрлық алшақтықты қысқарту және спутниктік байланыс арналарын енгізу есебінен өткізу қабілеттілігі жоғары кең жолақты желілерді қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізу жөніндегі ниетін құптады, сондай-ақ осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
- Өңірлер арасындағы технологиялық алмасуды, ең алдымен цифрландыру саласында технологиялық алмасуды жеңілдететін жұмсақ және қатаң шараларды әзірлеу және қабылдау қажеттілігін мойындады.
Сауда мен өзара байланыстықты дамытуға қатысты тараптар:
- ЕО пен Орталық Азия арасындағы сауда қарым-қатынастарын одан әрі жеңілдетуге, сондай-ақ Артықшылықтардың жалпы жүйесі (GSP) талаптарына жауап беріп, ЕО нарығына артықшылық негізінде жол ашатын, ЕО пен Орталық Азия арасындағы сауданы жеңілдететін және орнықты даму мен тиімді басқаруды ынталандыратын GSP немесе GSP+ жеңілдіктерінің жемісін көруді жалғастыруға ниетті Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделерін мойындады.
- Аса маңызды шикізат бойынша ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.
- ЕО-тың «ақылды», ашық және қауіпсіз өзара байланыстықты орнату жөніндегі «Жаһандық қақпа» стратегиялық бастамасының шеңберінде мемлекеттердің тереңдетілген бірлескен жұмысын жүргізу қажеттігін мойындады.
- Орталық Азия өңірінің көліктік және транзиттік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ЕО қаржыландыруымен Еуропалық қайта құру және даму банкі жүргізген Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік дәліздері бойынша зерттеудің негізгі нәтижелерін құптады. Аталған зерттеу қолданыстағы инфрақұрылымды және нормативті-құқықтық ортаны жақсарту бойынша саяси әрекеттерді қамтамасыз ету жолдарын ұсынады. Тараптар зерттеу нәтижелерін толықтай қарастыру үшін оның маусым айында жарияланатын қорытынды есебін күтуде.
- Өңірлік форматтағы көлік ағындарының сапалы жаңа архитектурасын құру үшін Орталық Азиядағы ішкі көлік дәліздерін реформалауды жалғастыруға шақырды. Сонымен қатар, еуропалық мемлекеттік және жеке сектордағы серіктестердің қаржылық әлеуетін белсенді пайдалана отырып, Орталық Азиядағы көлік инфрақұрылымын дамытуға инвестициялар тарту бойынша жол картасын мақұлдаудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар белгіленген басым бағыттар бойынша қол жеткізілген жетістіктерді жүйелі түрде қарастырып отыруға келісіп, 2025 жылы келесі ЕО-Орталық Азия форумын ұйымдастыруды асыға күтуде.