ЕО жаңартылатын энергия көздеріне арналған Орталық Азия елдері журналистері арасындағы байқау жеңімпаздарын жариялады

Еуропалық Одақтың (ЕО) Орталық Азиядағы (ОА) өкілдіктері мен ЕО-тың «Жаңартылатын энергия көздеріне көшу – біздің көміртегі бейтараптығына қосатын үлесіміз» байқауының журналист-қатысушылары жеңімпаздарды марапаттау және байқауға қатысушыларды құттықтау рәсіміне қатысты.  

Орталық Азия аймағында жаңартылатын энергия көздерін дамытудың әлеуеті зор. 2021 жылғы БҰҰ-ның Климат өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP26) Орталық Азияның бес елі (ОА) декарбонизацияға қол жеткізудің келісілген ұстанымын, тұрақты даму мен болашақ ұрпақтардың әл-ауқаты үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге деген ортақ ұмтылыстарын білдірді. Орталық Азия мемлекеттері мұнай, табиғи газ және көмір сияқты қазбалы энергия көздерінен күн, жел және биомасса сияқты жаңартылатын энергия көздеріне жаһандық көшу үдерісіне қатысуға міндеттенді.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – ЕО үшін басым міндет. 2004-2020 жылдар аралығында ЕО-та жаңартылатын энергияның үлесі екі еседен астам өсті. 2022 жылдың мамыр айында Еуропалық Комиссия Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған энергиямен қамтамасыз ету жүйесіндегі жаһандық іркіліске жауап ретінде «REPowerEU» жоспарын енгізді. Энергиямен жабдықтау, өнеркәсіп, тұрғын үй және көлік секторларында жаңартылатын энергияны қолдануды жаппай кеңейту энергетикалық тәуелділікті азайтып, жасыл технологияларға көшуді жеделдетеді және келешекте бағаның төмендеуіне алып келеді. Еуропалық Комиссия 2030 жылға қарай «Fit for 55» бағдарламасы бойынша жаңартылатын энергия үлесін 40%-дан 45%-ға дейін арттыруды ұсынды.

Бұл туралы Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлім басшысы Йоханнес Стенбек Мадсен журналистерге берген сұхбатында былай деді: “Қазба отындарының қоршаған ортаға теріс әсерін, су тапшылығы мен климат өзгеруінен туындаған басқа да сын-қатерлерді ескере отырып, аймақ елдерінің өз энергетикалық теңгерімдерін әртараптандырулары және тұрақты энергия көздеріне көшулері қажет екені анық. ЕО-тың «Жасыл бағыт» және Орталық Азияға арналған Стратегиясының ережелеріне сәйкес ЕО Орталық Азия елдеріне тұрақты энергияға көшу ісінде қолдау көрсетуге міндеттенеді. Бұқаралық ақпарат құралдары халықты хабардар ету мен пікір қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мен сіздерді климат өзгеруі, тұрақты энергия, айналмалы экономика және басқа да өзекті экологиялық мәселелер бойынша зерттеуді және есеп беруді жалғастыруға шақырамын.”

Байқауға 52 журналист қатысты; олар 86 жұмыс ұсынып, оның 25-і ақтық айналымға өтті. Нәтижесінде алты жеңімпаз анықталды:

I орын: Сабыр Абдумомунов, «Азаттық» Радиосы (Қырғызстан)

II орын: Яна Каримова, «Мәншүк Медиа» интернет-басылымы (Қазақстан) және Наргиз Умарова «Oil ava Tabiat» газеті (Өзбекстан)

III орын: Канышай Ырысбек кызы «Vremya.kg» ақпараттық -аналитикалық ресурс (Қырғызстан), Мария Индина «Akchabar.kg» қаржылық порталы (Қырғызстан), және Альберт Ахметов Zakon.kz (Қазақстан) ақпараттық порталы.

Жеңімпаздар жаңартылатын энергия бойынша жобаларды әзірлеу және жүзеге асырудағы озық тәжірибелерді үйрену үшін Нидерландыға оқу сапарымен барады.

Байқау мен марапаттау рәсімін Еуропалық Одақ қаржыландыратын «ЕО-Орталық Азия қоршаған орта, климат өзгеруі және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық (WECOOP)» бойынша жобасының бастамасымен халықтың энергияға сұраныстың артуы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін жаңартылатын энергия көздеріне тез арада көшу қажеттілігі туралы хабардар болуын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Ақпаратты анықтама: ЕО қаржыландыратын « ЕО-Орталық Азия қоршаған орта, климат өзгеруі және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық (WECOOP)» бойынша жобасының (үшінші кезең – 2019 ж. қазан – 2023 ж. сәуір) мақсаты – Еуропалық Одақ стандарттарына жақындату арқылы Орталық Азиядағы қоршаған орта, климат өзгеруі және су саясатын жақсарту, сонымен қатар СО2 шығарындыларын қоса алғанда, техногендік ластануды айтарлықтай азайтуға ықпал ету үшін тиісті секторларға жасыл инвестицияларды ынталандыру. Жоба аясындағы іс-шаралар Қоршаған орта және су саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ЕО-Орталық Азия платформасына, сондай-ақ Қоршаған орта және климат өзгеруі жөніндегі ЕО-Орталық Азия жұмыс тобына қолдау көрсетуді, сонымен қатар климатты қорғау шараларын жетілдіру үшін Орталық Азиядағы ЕО «Жасыл бағыт» бағдарламасының халықаралық өлшемін іске асыруды қамтиды.

 

 

Қосымша ақпарат алу үшін WECOOP байланыс жөніндегі аға қызметкері Елена Серебренниковаға, эл.пошта: media@wecoop.eu, ұялы тел./WhatsApp +77019814020, WECOOP іс-шаралар және коммуникациялар үйлестірушісі Нұргүл Смағұловаға, эл.пошта: nurgul.smagulova@wecoop.eu, ұялы тел./WhatsApp +77012066760, немесе Қазақстадағы ЕО Өкілдігіне, эл.пошта: delegation-kazakhstan-pic@eeas.europa.eu хабарласуыңызды сұраймыз.