ЕО Қара теңіз аймағы және Оңтүстік Кавказ арқылы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланысты нығайтуға арналған «Өзара байланыстылықты дамыту жөніндегі күн тәртібі» платформасын іске қосты
Аталған платформа Кеңейту мен татукөршілік жөніндегі комиссар Марта Кос, Халықаралық әріптестік жөніндегі комиссар Йозеф Сикела және Орнықты көлік пен туризм жөніндегі комиссар Апостолос Цицикостас өткізген жоғары деңгейдегі министрлік кездесуде ұсынылды. Кездесу «Global Gateway» стратегиясы аясында аймақаралық өзара байланыстылық күн тәртібін ілгерілету мақсатында ЕО мүше мемлекеттерінің, Армения, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Украина және Өзбекстанның көлік министрлері мен жоғары деңгейдегі өкілдерінің, сондай-ақ Үлкен жетілік тобының (G7) және халықаралық қаржы институттары өкілдерінің басып қосты.
«Өзара байланыстылықты дамыту жөніндегі күн тәртібі» платформасы қатысушы елдерге, халықаралық қаржы институттарына және басқа да мүдделі тараптарға көлік, энергетика, цифрлық өзара байланыстылық және сауда салаларындағы инвестициялар мен саясатты үйлестіру үшін негіз ретінде жұмыс атқаратын болады. Аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында қатысушылар Транскаспий көлік дәлізінің тиімділігін арттыруға келісті. Олар Еуропалық Комиссияға дәліздің жұмысын бағалауға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған басым шаралар бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.
Өзара байланыстылықты дамыту жөніндегі күн тәртібін іске асыруды қолдау мақсатында Еуропалық Комиссия халықаралық қаржы институттарымен ниет туралы мәлімдемелерге қол қойды. Бұл Қара теңіз аймағы мен Оңтүстік Кавказдағы көлік инфрақұрылымын дамыту, шекаралық өткізу пункттерін жетілдіру және сауда үдерістерін жеңілдету ісіне инвестициялар тарту үшін 2 миллиард еуроға дейін қаражат жұмылдыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Аталған инвестициялар трансшекаралық көлік байланыстарын жақсартуға және дәліз бойындағы сауданы жеңілдетуге көмектеседі.
Ақпараттық анықтама
2025 жылдың қазан айында Люксембургте өткен Қауіпсіздік және өзара байланыстылық жөніндегі аймақаралық министрлік кездесуде ұсынылған Аймақаралық өзара байланыстылық күн тәртібі ЕО-тың «Global Gateway» стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты - стратегиялық инвестициялар мен нормативтік-құқықтық реттеу саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру негізінде Оңтүстік Кавказ және Қара теңіз аймағы арқылы Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік, энергетика және цифрлық байланыстарды нығайту.
2025 жылдың қараша айында Ташкентте өткен Транскаспий көлік дәлізі және көліктік өзара байланыстылықты дамыту жөніндегі Инвесторлар форумында қатысушылар бұл дәліздің Орталық Азия мен Еуропа арасындағы сенімді және тиімді бағыт ретіндегі стратегиялық маңыздылығының артып келе жатқанын атап өтті.
Дәйексөздер
Қақтығыстардың шиеленіскен кезеңінде көптеген елдердің ортақ жобаны жүзеге асыру үшін күш біріктіргені қуантады. Бізге сенімді сауда жолдары қажет, және Транскаспий көлік дәлізі дәл осы сенімді сауда жолына айналды. Бұл бағыт бойынша сауда көлемі алдағы 15 жылда бес есеге артуы мүмкін. Бұған қол жеткізу үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз керек. Көптеген жобалар мен бастамалар қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Платформа оларды біріктіріп, инфрақұрылымдағы жетіспейтін басқа да тұстардың орнын толтырып, бүкіл бағыттың үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Кеңейту мен татукөршілік жөніндегі комиссар Марта Кос
Транскаспий көлік дәлізі Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көпірге айналуда. Осы жаңа инвестициялық келісімдер арқылы біз инфрақұрылымды жаңғыртып, шекара бекеттерінің жұмысын жетілдіріп, жылдамырақ, сенімдірек және неғұрлым ыңғайлы көлiк қатынасы бар бағыт құруға ықпал етеміз. Бұл тек көлік мәселесі туралы ғана емес. Бұл бәсекеге қабілеттілік, энергетикалық қауіпсіздік және азаматтар мен бизнестің геосаяси қысымға қарамастан еркін сауда жасап, қозғалуын қамтамасыз ету туралы.
Халықаралық әріптестік жөніндегі комиссар Йозеф Сикела
Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі дамыған көлік желілері мен көлік қатынасына байланысты. 2 миллиард еуроға дейін стратегиялық инвестицияларды жұмылдыру арқылы біз көлік инфрақұрылымын жаңғыртамыз, шекара өткелдерін нығайтып, сауданы жеңілдетеміз. Бұл Еуропа және оның Орталық Азиядағы, Оңтүстік Кавказдағы және Қара теңіз аймағындағы серіктестері үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашып, тұрақтылықты арттырады және бизнес пен азаматтарға нақты пайда әкеледі.
Орнықты көлік пен туризм жөніндегі комиссар Апостолос Цицикостас