Еуроодақ Қазақстандағы құрғақшылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетеді

05.08.2021

Нұр-Сұлтан, 5 тамыз 2021 ж. – Маусым айынан бері Қазақстанның ауқымды бөлігінде тараған құрғақшылыққа жауап қайтару үшін Еуропалық Одақ гуманитарлық көмек ретінде 200 000 еуро (100 миллион тенге) көлемінде қаражат бөледі. Көмек Маңғыстау мен Түркістан облыстарының аса зардап шеккен аудандарының шамамен 6,000 тұрғындарына көрсетіледі.

Photo copyrights: visitmangistau.kz

Еуроодақтың бұл қаржылық көмегіне Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамы келесі шаралар арқылы қолдау көрсетеді: шұғыл көмек ретінде құрғақшылық кесірінен табыс көзінен айырылып, азық-түлікке тапшы болған адамдарға олардың күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыратын қаржылық көмекті үйлестіру; сондай-ақ, ыстық өту пен өрт қауіпсіздігі сияқты құрғақшылық пен өте жоғары температураның салдарынан туындайтын адам денсаулығына қатысты қауіп-қатерлер туралы хабардарлықты арттыру іс -шаралары.

Аталған қаржылық көмек Еуропалық Одақтың Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық Қоғамдар Федерацияларының (IFRC) табиғи апат жағдайында Төтенше Көмек Қорына (DREF) қосқан үлесінің бір бөлігі болып табылады.

Шілде айының басынан бастап Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтары қатты ыстыққа ұшырап, көптеген аудандарда жаппай құрғақшылық туды. Құрғақшылық кезеңі табиғи су айдындарының тартылуы мен жерлердің құрғауына әкелді. Бұл жайылымдық жерлердегі мал азығы пен су тапшылығына әкелді. Нәтижесінде, елдегі көпшіліктің басты табыс көзіне айналған малдың басы қырылды. Бүгінгі күні 70 мыңнан астам адам зардап шегті, олардың көпшілігі тек малмен күнелтіп отырған шағын шаруа малшылары. Хабарлау бойынша зардап шеккендердің 84 пайыздан астамы Маңғыстау облысының тұрғындары.

Анықтамалық ақпарат

Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер гуманитарлық көмектің дүниежүзіндегі ірі доноры болып табылады. Бұл бүкіл әлемдегі көмекке мұқтаж адамдарға көрсетілген еуропалық ниеттестіктің көрінісі. Көмек адамдардың өмірін сақтап қалуға, адамдардың қайғы-қасіретін болдыртпау мен жеңілдетуге, сондай-ақ табиғи апаттар мен техногендік дағдарыстарға ұшыраған халықтың дербестігі мен абыройын қорғауға бағытталған.

Еуропалық гуманитарлық көмек және азаматтық қорғау директоратының (ECHO) жұмысы аясында Еуропалық Одақ жыл сайын қақтығыстар мен табиғи апаттардың 120 миллионнан астам құрбандарына көмектеседі. Қосымша ақпарат ECHO веб-сайтында қол жетімді.

Еуропалық Комиссия табиғи апат жағдайында Төтенше Көмек Қорына (DREF) қолдау көрсету үшін Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық Қоғамдар Федерацияларымен (IFRC) 3 миллион еуро көлемінде гуманитарлық жарна бойынша келісімге қол қойды. DREF қаражаты негізінен «ұсақ ауқымды» апаттарға бөлінеді, яғни ресми халықаралық үндеуді талап етпейтін жағдайларда.

Төтенше Көмек Қоры 1985 жылы құрылды және донорлық жарналар арқасында қызмет істейді. Ұлттық Қызыл Крест немесе Қызыл Жарты Ай қоғамы апатқа қарсы әрекет ету үшін шұғыл қаржылық қолдауды қажет ететін кезде, ол DREF Қорынан қаражат сұрай алады. Кішігірім табиғи апаттар жағдайында IFRC Қордан гранттар бөледі, оларды донорлар әрі қарай толықтыра алады. IFRC мен ECHO арасындағы жарна туралы келісім соңғысына жалпы сомасы 3 миллион еуроға дейінгі келісілген операциялар үшін (оның гуманитарлық мандатына сәйкес келетін) DREF Қорын толтыруға мүмкіндік береді.

Қосымша ақпарат бойынша хабарласыңыз:

Питер Биро, Азия-Тынық мұхиты бойынша аймақтық ақпарат маманы, Еуропалық гуманитарлық көмек және азаматтық қорғау директораты (ECHO): peter.biro@echofield.eu, Эльнура Абаканова, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің байланыс бөлімінің басшысы, e-mail: elnura.abakanova@eeas.europa.eu , @EUinKazakhstan