Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер Елшілері Шымкент және Түркістан қаласына кластерлік сапарымен барды
Шымкент қаласына сапары барысында қала әкімі Мұрат Айтенов мырзамен екіжақты кездесу өтті. Тараптар Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы әріптестіктің әрі қарай даму мәселелерін талқылап, ынтымақтастықтың перспективті салаларын белгіледі.
“Біз Қазақстанның тұрақты экономикалық өсу, жаңғыртылған және жетілдірілген инфрақұрылымда айқын көрінетін оң ілгерілеулерді қолдаймыз. Осының барлығы заманауи тауарлар, қызметтер, технологиялар мен өндіріс құпияларын нарыққа алып келе алатын ЕО компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. ЕО Қазақстанның ең ірі шетелдік сауда әріптесі мен инвестициялық серіктесі. Біз Қазақстанмен жақсы іскерлік байланыстарды орнаттық және оларды одан әрі нығайтуға үміттенеміз”, - деп атап өтті Қазақстандағы ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссон мырза.
Сапар аясында еуропалық дипломаттар өңірдің бизнес жүргізуге жасалған инвестициялық пен экономикалық мүмкіндіктерімен танысып, еркін экономикалық және индустриалдық аймақтардың жетекші кәсіпорындарын аралады, солардың ішінде Шымкент химико-фармацевтикалық зауыты "Химфарм", "Шымкентцемент" кәсіпорны және "Asia Trafo" күш трансформаторларын шығаратын компаниясы.
Сонымен қатар, делегация азаматтық қоғам өкілдері және жастармен кездесулер өткізді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде академиялық ұтқырлық, еуропалық университеттерімен орнатылған ынтымақтастық және еуропалық білім беру бағдарламаларға қатысу мәселелері қарастырылды. ЕО мүше мемлекеттер Елшілері студенттермен Ambassadors Café форматында бейресми түрде кездесіп, ЕО-Қазақстан ынтымақтастығының маңызды тұстарын талқылап, өзінің мансап жолымен, жинақтаған тәжірибесі, және дипломатия мен көшбасшылықтың сыр-қырларымен бөлісті.
Түркістан қаласында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Рашид Аюповпен кездесулер өтті. ЕО Елшілері қала мен өңірдегі инфрақұрылым, инвестиция, транспорт, туризм салаларының қарқынды дамуын атап өтті. Қазақстан тарабы жоғары меймандарға облыстың экономикалық және туристік әлеуеті мен мүмкіндіктеріне шолу жасады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қабырғасында студенттермен интерактивті дискуссия өтті. Сонымен қатар, еуропалық дипломаттар белсенді жастарды қолдауға және жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған Түркістан облысының Халықаралық жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты.
Дипломаттар өңірдің мәдени-тарихи көрнекі жерлерінде аралады, соның ішінде киелі Қ. Ахмет Ясауи кесенесі.
Наурыздың 1 жұлдызында Еуропалық Одақтың барлық мүше мемлекеттері ратификациялаған Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім күшіне енді. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде бірінші болып Еуропалық Одақпен осындай келісімге 2015 жылы қол қойды. Келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, ЕО пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, мәдениет, білім және ғылыми зерттеу салаларындағы ықпалдастыққа жол ашты.
Анықтамалық ақпарат
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ресми дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 2 ақпанда орнатылды. Қазақстанда 180 млн.еуро сомасындағы 350-ден астам жоба Еуропалық Одақпен қаржыландырылған. Солардың ішінде өңірлік және жергілікті өзін-өзі басқарудың әлеуетін күшейту, әділет саласын реформалау, адам құқықтары, Қазақстанның жасыл экономика үлгісіне көшу және көптеген басқа тақырыптағы жобалар. Соңғы жиырма жыл ішінде екіжақты сауда көлемі 2 миллиард еуродан 25 миллиардтан астам еуроға ұлғайды. Қазақстан мұнай өнімдерінің 75% ЕО елдеріне (ЕО-ның жалпы импортының 6 %) экспортқа жібереді, және Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына (МЭЕҰ) мүше емес мемлекеттердің қатарынан ЕО-ның үшінші ірі жеткізушісі болып табылады. Қазақстанның ЕО-ға экспорты түгелге жуық мұнайгаз секторының өнімдері, пайдалы қазбалар, химия өнеркәсібінің өнімдері мен азық-түлік тауарларынан тұрады.
Қосымша сұрақтар бойынша Еркежан Амриева, ҚР ЕО Өкілдігінің баспасөз қызметі, + 77172974566, e-mail: yerkezhan.amriyeva@eeas.europa.eu арқылы хабарласыңыз.