Орталық Азия: Еуропалық Парламент Сыртқы істер комитетінің (AFET) депутаттары Қазақстан мен Қырғызстанға іс-сапарын қорытындылады
Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысының басталуы елеулі геосаяси өзгерістерге түрткі болды. Осы өзгерістерге жауап беру мақсатында Еуропалық Одақ бүкіл әлем бойынша, соның ішінде Орталық Азиядағы серіктестерімен қарым-қатынасын белсенді түрде дамытып келеді. Осы жұмыс аясында Сыртқы істер комитеті делегациясы 21-25 тамызда іс-сапармен Қазақстан мен Қырғызстан елдеріне барды.
Қазақстанда AFET делегациясы Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мемлекеттік кеңесші, Экономика министрі, Сыртқы істер, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің орынбасарларымен, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен кездесулер өткізді.
Қырғызстанда делегация мүшелері Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен, сонымен қатар Қырғызстанның Жогорку Кенешінің спикері мен депутаттары, Сыртқы істер министрінің орынбасары, азаматтық қоғам және тәуелсіз БАҚ өкілдерімен кездесті.
Сапар қорытындысы бойынша Сыртқы істер комитетінің төрағасы Дэвид МакАллистер (Еуропалық халық партиясы, Германия): «Орталық Азия Еуропалық Одақ үшін стратегиялық маңызды аймақ болып табылады. Біздің Қазақстан мен Қырғызстанға жасаған іс-сапарымыз ЕО-тың аймақтың осы елдеріндегі қатысу деңгейін арттырып, қарым-қатынасын күшейту қажеттілігін тағы бір мәрте растады».
Қазір біз түрлі сын-қатерлерге тап болып отырмыз, дегенмен, бұл – қарым-қатынасымызды дамыту үшін мүмкіндіктер кезеңі болмақ. Біз көтерген ең өзекті мәселе – санкцияларды айналып өту қаупі. Біз санкциялардың Орталық Азия елдеріне емес, басқыншыларға – Ресей мен Беларуське бағытталғанын атап өттік. Санкцияларды айналып өтуге жол беру ресейлік соғыс машинасына қуат беріп, Украинада өлім санының өсуіне алып келеді.
Осы мәселе бойынша екі елдің Еуропалық Одақпен бірге жұмыс істеуге даярлығын құптаймыз.
Өзара байланыстылықты қамтамасыз ету екіжақты ынтымақтастықты дамытудың әлеуетін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар, бұл аймақтық ынтымақтастықты дамытуға оң ықпал етіп, Орталық Азияда сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға септігін тигізеді. Транскаспий дәлізі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыстың маңызды балама жолын қамтамасыз етіп, санкцияға ұшыраған елдер аймағына кірмей, тікелей әлемдік нарықтарға шығуды жеңілдетеді. Жақында Қазақстанмен аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз екі тарапқа да маңызды қосымша артықшылықтар ұсына алады.
Біз Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдаймыз. Бұл реформаларды жалғастыру қажет екендігіне сенімдіміз.
Біз адам құқықтары мен азаматтық қоғам жағдайына байланысты мәселелерді талқылап, екі елдегі БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңнамалық бастамалар бойынша алаңдаушылық білдірдік. Бұл азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ кеңістігінің тарылуына немесе адам құқығы жағдайының нашарлауына себепкер болмауы керек. Қырғызстан көп жылдар бойы адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды сақтау тұрғысынан аймақтың алға тартар үлгісі болып келеді. Біз серіктестерімізді осы жолдан таймауға шақырдық».
МакАллистер мырзамен бірге Еуропарламент депутаттары арасынан іс-сапарға қатысқандар: Желяна Зовко (Еуропалық халық партиясы, Хорватия), Георге-Влад Нистор (Еуропалық халық партиясы, Румыния), Манолис Кефалояннис (Еуропалық халық партиясы, Грекия), Карстен Люке (Социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы фракциясы, Германия), Юозас Олекас (Социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы фракциясы, Литва) және Клемен Грошель (Еуропаны жаңарту фракциясы, Словения).