Халықаралық адам құқықтары күніне орай қабылдауға арналған ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссонның сөзі

12.12.2019

Халықаралық адам құқықтары күніне орай қабылдауға арналған ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссонның сөзі,
2019 жылғы 10 желтоқсан, Нұр-Сұлтан

Жоғары мәртебелілер,

Ханымдар мен мырзалар, құрметті қонақтар,

Сіздерді бүгінгі кеште қарсы алуға қуаныштымын. Бүгінгі кеш барлығымыздың басымызды қосып, келе жатқан мерекелердің қарсаңында тілектерімізді білдіруге мүмкіндік береді. Халықаралық адам құқықтары күніне арналған қабылдауымызда сіздерді көру мен үшін ерекше құрмет. Осы күні сіздермен бір оймен бөліскім келеді.

Биыл ерекше жыл. Біз Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының Париж қаласында қабылдануының 71 жылдығын және Бала құқықтары жөніндегі БҰҰ конвенцияның 30 жылдығын тойлап отырмыз. Сонымен қатар, осы жылы Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенцияға қол қойылғанына 40 жыл толып отыр, ал кеше, 9 желтоқсан, Халықаралық геноцид қылмысы құрбандарын еске алу және қадірлеу және осы қылмыстың алдын алу күні болды.

Мерейтойлық күндер – ойлану мен пайымдау мүмкіндігі. Бұл мерекелеу үшін сылтау болуы мүмкін, бірақ, ең алдымен, мерейтойлық күндер - жақсы ескерту ретінде атқарылған іс-шаралар нәтижелерін қорытындылау үшін таптырмас уақыт. Өкінішке орай, аталған құжаттарға қол қойылғанынан бері жетпіс жыл өтсе де, біз әлі күнге дейін адам құқықтарының сөзсіз қабылдануын қамтамасыз ете алмадық. Керісінше, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарға жаңа қысым көрсетілуде. Біз қарулы қақтығыстарға байланысты геометриялық прогрессиямен өсіп келе жатқан адам құқықтарын бұзуды ғана емес,  көптеген мемлекеттерде, солардың ішінде демократиялық қоғамдарда адам құқықтары мен адам құқықтарын қорғаушыларға төніп тұрған қауіп-қатердің көбейіп келе жатқанына куәміз.

Бірақ адам құқықтары саяси таңдау немесе артықшылық мәселесі сияқты жергілікті ерекшеліктер мен мәдениетке бейімдейтін жеке "құндылықтар" емес. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын әлемнің әр бұрышынан шыққан тұлғалар әзірлеген. Олар осы әмбебап құжатқа әралуан мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлшектерін енгізуге талпынған, және біз "мемлекеттер өздерінің саяси, экономикалық әрі мәдени жүйелеріне қарамастан, барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын ынталандыру мен қорғауға міндетті" деп санаймыз.

Адам құқықтары әлеуметтік-экономикалық даму немесе қауіпсіздік жағдайы жетілдірілген кезіне дейін қоя тұруға болатын түсінік емес. Шын мәнінде, адам құқықтарын бұзу көп жағдайда шиеленістің хабаршысы болады. Тәуелсіз БАҚ және белсенді азаматтық қоғамды қолдаумен бірге адам құқықтарын қорғау, тиімді басқару, инклюзивті және демократиялық қоғамды алға тарту орнықты қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етудің ең жақсы жолы екендігін көптеген фактілер дәлелдейді.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына қол қойылғаннан бері жетпіс жыл өтсе де, біз әлі күнге дейін Декларацияда жазылған әрбір сөзді іс жүзінде асыру жолында жұмыс істеп келеміз. Ұжымдық жұмысымыздың көп бөлігін үкіметтік емес ұйымдар атқаруда. Сондықтан мен осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтық қоғам ұйымдарының барлық өкілдеріне және бізбен бірге Қазақстанда күнделікті жұмыс істеп жүрген, адам құқықтарын қорғаумен айналысып жүрген тұлғаларға – олардың кейбіреулері бүгін осы жерде -  шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сіздер біздің адам құқықтарын алға тарту бойынша жұмысымыздың ажырамас бөлігісіз.

Өйткені бұл мерейтойлық күн ғана емес, бұл тек мерекелеу емес.  Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы бүгінгі таңда үндеухат болып қалады. Ол Еуропалық Одағымыз бен бүкіл әлем бойынша барлық серіктестеріміздің болашағы үшін жетекші жұлдыз болып қалуда. Бұл жетпіс жыл бұрын бұрын-соңды болмаған ең жойқын жаһандық қақтығыстың қираған үйіндісінің арасында Жалпыға ортақ декларациясын әзірлеген тұлғаларға құрмет көрсетудің ең жақсы әрі дұрыс жолы.

"Мейірімділік үйден басталады" деген сөз бар. Бұл пікір адам құқықтары мәселесі үшін ерекше өзекті. Өз сөзімді Элеонора Рузвельттің сөзімен аяқтауға рұқсат етіңіздер:

"Дегенмен, жалпыға ортақ адам құқықтары қайдан басталады екен? Үйге жақын кішігірім жерлерде. Ол жерлердің жақындығы мен шағындығы соншалық, оларды әлемнің бір де бір картасын таба алмайсың. [...] Және осы құқықтар сол жерлерде маңызға ие болмайынша, кез келген басқа жерде олардың маңызы елеусіз болады. Егер азаматтар осы құқықтардың үйге жақын жерлерде қорғалуын ойламаса, бүкіл әлем бойынша ілгерілеу деген үмітіміз түкке тұрмайды".

Назарларыңызға рахмет!