Қазақстандағы алғашқы 100 мемлекеттік мектеп Еуропалық одақтың қолдауымен энергия тиімділігінің таңбалауын алды

Теміртау, Қазақстан – Еуропалық Одақтың (ЕО) тәжірибесінің негізінде ЕО қаржыландыратын «Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыстар (SECCA)» жобасы Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен ынтымақтастықта елімізде 2012 жылдан бері, Энергия үнемдеу туралы заң қабылданғаннан бастап қолданылатын Қазақстанда ғимараттарды энергия тиімділігі бойынша таңбалауды неғұрлым кеңінен тарату бойынша жұмыс істеп келеді.

2024 жылғы 4 маусымда Теміртауда "ECOJER" қауымдастығы мен SECCA жобасы бірлесіп ұйымдастырған "SAF AUA" экологиялық бастамалардың екінші өңіраралық форумында «Еуропалық

Одақ – Қазақстан: тұрақты энергетика күндері» науқаны аясында ЕО мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері екі мектепке – Қосшы қаласының мектеп-гимназиясы мен Қонаев қаласының мектеп-лицейіне – Энергия тиімділігі таңбаларын табыс етті. Бұл екі мектеп ғимараты басқа талданған 100 жаңа мемлекеттік мектеп арасында энергия тиімділігі жағынан жоғары жобалық сыныптарына ие және сәйкесінше "А" және "В" рейтингтерін алды.

 

Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Бағдарламалар менеджері Роберт Брудзински мырза: «Мен ЕО қолдауымен бұл еуропалық тәжірибе енді Қазақстанда кеңінен таралып жатқанын мақтан тұтамын. ЕО-да біз бұл таңбалауды энергетикалық тиімділік сертификаттары деп атаймыз. Осы екі мектеп сияқты Қазақстандағы жаңа қоғамдық ғимараттар энергия үнемдеу және энергия тиімділігі стандарттарын ескере отырып салынып жатқанына қуаныштымын. Салауатты ғимараттар, дені сау адамдар – осыны әрдайым есте сақтайық. Ғимараттардың энергия тиімділігін таңбалау – бұл шығарындыларды қысқарту, табиғат пен оның ресурстарына ұқыпты қарау, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету және, сайып келгенде, климаттық бейтараптық мақсаттарына жету жолындағы тағы бір қадам», – деп айтты.

 

Энергия тиімділігі таңбасы ғимарат тұтынатын энергия мөлшерін визуалдау арқылы ғимараттардың пайдалану шығындарын және қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның энергетикалық саясатының басымдықтарына да сәйкес келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында табиғи ресурстарды сақтау, энергия тұтынуды азайту және энергия тиімділігін арттыру есебінен елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру қажет екенін ерекше атап көрсетті. Жұмыстың келесі кезеңінде SECCA жобасы мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қалған мемлекеттік мектептер, балабақшалар мен денсаулық сақтау мекемелері үшін энергия тиімділігінің таңбаларын шығарады.

 

Анықтамалық ақпарат:

Еуропалық Одақ – бұл 27 еуропалық елдің экономикалық және саяси бірлестігі. Оның негізінде адамның қадір-қасиетін құрметтеу, бостандық, демократия, теңдік, заңның үстемдігі және адам құқықтарын, оның ішінде азшылыққа жататын адамдардың құқықтарын құрметтеу сияқты құндылықтар жатыр. Ол әркім пайда ала алатындай, қоғамның, қоршаған орта мен экономиканың орнықты дамуына ықпал ете отырып, жаһандық деңгейде әрекет етеді.

 

«Еуропалық Одақ – Қазақстан: Тұрақты энергетика күндері» науқаны «Еуропалық Одақ – Орталық Азия: Тұрақты энергетика күндері» атты анағұрлым кең науқанның бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты – Орталық Азия өңіріндегі ұлттық мүдделі тараптар мен жұртшылықтың тұрақты энергетиканың маңызы, артықшылықтары мен қолжетімділігі, сондай-ақ энергетика мен климаттың өзгеруі арасындағы өзара байланыс туралы хабардар болуын арттыру. Сонымен қатар, науқан Еуропалық комиссия 2007 жылы бастамашылық жасаған Еуропадағы жаңартылатын энергия көздері мен энергияны тиімді пайдалануға арналған жыл сайынғы ең ірі іс-шара – «Еуропалық тұрақты энергетика аптасының (EUSEW)» жаһандық нұсқасы болып табылады. Науқан жыл сайын Орталық Азия елдерінде ЕО қаржыландыратын «Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыстар (SECCA)» жобасы шеңберінде өткізіледі.

 

ЕО қаржыландыратын “Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыстар (SECCA)” жобасы (2022 жылдың наурызынан 2026 жылдың наурызына дейін) ЕО-ның үздік тәжірибелеріне сәйкес Орталық Азия өңірінде тұрақты энергетикалық теңгерімді ілгерілетуге бағытталған. Өз миссиясын орындау үшін SECCA өңірлік тұрғыда тұрақты энергетикалық жүйеге көшу үшін анағұрлым берік әрі инклюзивті саяси, нормативтік және институционалдық базаны қамтамасыз етуге ұмтылады және энергияға тең қол жеткізуді қоса алғанда, Орталық Азия елдерінде адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындауға жәрдемдесуге әрі гендерлік-инклюзивті саясат пен энергия тиімділігі (ЭТ) және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы заңнаманы қолдауға баса назар аударады. Жобаның іс-шаралары энергия тиімділігі (ЭТ) мен жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) енгізу үшін әлеуетті дамытуды, ЭТ мен ЖЭК туралы хабардар болу деңгейін арттыруды, сондай-ақ ЭТ мен ЖЭК жобалары үшін инвестициялық ахуалды жақсартуды қамтиды.

Қосымша ақпарат алу үшін SECCA коммуникациялық стратегия жөніндегі маманы Елена Серебренниковаға хабарласуды сұраймыз, эл. пошта: media@secca.eu,



Нұргүл Смағұлова-Дулич ханым, цифрлық коммуникациялар және БАҚ-пен байланыс жөніндегі сарапшы, SECCA, эл. пошта: nurgul.smagulova@secca.eu немесе ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігі: delegation-kazakhstan-pic@eeas.europa.eu.