Қазақстан пен Еуропалық Одақ авиациялық келісімге қол қойды

Бүгін Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ Горизонталды авиациялық келісімге қол қойды. Бұл келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы әуе байланысын кеңейтеді. Енді белгіленген талаптарға жауап беретін кез келген ЕО әуе компаниясы Қазақстан және әлі күнге дейін Қазақстанмен екіжақты әуе қатынастары туралы келісімдері жоқ он жеті ЕО мүше мемлекетінің1 кез келгені арасында рейстерді орындауға құқылы болады. Бұл тиісті ЕО-тың мүше мемлекетінің немесе Қазақстан азаматтарының иелігіндегі немесе бақылауындағы әуе компанияларына ғана аталған бағыттарда ұшуға рұқсат берген бұрынғы келісімдердегі шектеулердің орнын басады. 

Барлық ЕО әуе компанияларына нарыққа тең дәрежеде шығу мүмкіндігін бере отырып, бұл келісім ашық әрі адал бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді, жолаушылар мен бизнес субъектілері үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, екі тарап үшін жоғары құқықтық сенімділікті арттырады.

Орнықты көлік пен туризм жөніндегі комиссар Апостолос Цицикостас: «Қазақстан тарапын Еуропалық Одақпен осы келісімге қол қоюымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл маңызды қадам өзара ынтымақтастықты нығайтуға, өңірлеріміз арасындағы көліктік байланысты арттыруға, халықтарымыз бен экономикаларымызды жақындастыруға бағытталған ортақ мүддеміздің айқын көрінісі болып табылады. Әуе қатынасы саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бұл келісім екі тараптың да экономикалық өсуіне, инвестицияларды тарту мен өзара алмасу процестеріне тың серпін береді. Алдағы уақытта авиациялық серіктестігімізді бұдан әрі тереңдетуге және кең ауқымды ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге ниеттімін».

Қазақстан мен Еуропалық Одақ тиісті ішкі рәсімдерін аяқтағаннан кейін бұл келісім көп ұзамай өз күшіне енеді деп жоспарлануда.

Ақпараттық анықтама

Келісімге Қазақстан Президентінің Брюссельге жасаған сапары аясында Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Орнықты көлік пен туризм жөніндегі комиссар Апостолос Цицикостас пен Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қол қойды.

1 Аустрия, Бельгия, Болгария, Кипр, Чехия, Германия, Дания, Эстония, Финляндия, Франция, Мажарстан, Литва, Люксембург, Латвия, Нидерланды, Польша және Швецияның Қазақстанмен екіжақты әуе қатынастары туралы келісімдері бар және олар осы горизонталды авиациялық келісіммен қамтылады.