Астанада Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі» жобасы Басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті
«Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі» жобасы Қазақстанның 2021 жылғы Экология кодексі мен жаңа Су кодексін ЕО-ның озық тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асыруды қолдайды. Ол көміртегі нарығын басқару, ЕО көміртегі шекарасын реттеу механизміне (CBAM) дайындықты қамтамасыз ету, өнеркәсіптің экологиялық көрсеткіштерін жақсарту, сондай-ақ су ресурстарын басқаруды цифрландыруға баса назар аударады.
Кездесу жобаның жұмыс жоспары мен негізгі көзделген нәтижелері бойынша келісу үшін маңызды алаңға айналды. Сонымен қатар, қатысушылар жобаның орындалу кестесі мен жүзеге асыру жолдарын талқылап, жетекші бенефициар-ұйымдар тарапынан жауапты тұлғаларды анықтады.
EUDELKZ
Қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстандағы ЕО Өкілдігі Әріптестік жөніндегі басшысы Ханс Фарнхаммер мырза жасыл әрі тұрақты экономикаға көшу жолында ЕО-ның Қазақстанды қолдауға бейілділігін тағы бір растап: «Жасыл экономикаға көшу – Еуропалық Одақ пен Қазақстанға ортақ стратегиялық басымдық. Ал ынтымақтастығымыздың мақсаты – осы ортақ талпынысты нақты нәтижеге әкелу. «Global Gateway» стратегиясы аясында ЕО Қазақстанның қоршаған ортаны басқару, ресурстарды қолдану тиімділігін арттыру және тұрақты, төмен көміртекті даму жолындағы әрекетін қолдайды. «Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі» жобасының осыған үлесі маңызды. Ол Қазақстанға 2021 жылғы Экология кодексі мен жаңа Су кодексін іске асыруда көмек көрсетіп, үздік еуропалық сараптама мен тәжірибені бөлісу арқылы экологиялық реформаларды нақты практикалық шешімдерге айналдырады. Қазақстанның жасыл, бәсекеге қабілетті әрі тұрақты болашағын қалыптастыруға үлес қосады», – деп атап өтті.
«Қазақстанның жасыл дамуға көшуін ЕО тарапынан қолдау» жобасының Басқару комитеті жыл сайын кездесіп, жобаның стратегиялық басымдықтарын айқындайды және бекітеді, жобаны іске асыру барысындағы басты жетістіктер мен кедергілерін бақылайды, сондай-ақ жобаның ілгеруін бағалап отырады.