Астанада қатыгез қарым-қатынасты тергеп-тексеру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар талқыланды

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды тиімді тергеп-тексеру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар «ҚАТЫГЕЗ ЦИКЛДЫ БҰЗУ: ҚАЗАҚСТАНДА АЗАПТАУҒА ҚАРСЫ КҮРЕСКЕ КӨП ҚЫРЛЫ КӨЗҚАРАС» жобасы аясында әзірленіп, дөңгелек үстелде таныстырылды және талқыланды. Жоба Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың өкілдері, халықаралық және құқық қорғау ұйымдары, оның ішінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (АҚЖКБ) Орталық Азиядағы өкілдері, сондай-ақ заңгерлік және сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.

Талқылау барысында қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынасқа байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу, құқықтық саралау және тергеп-тексеру кезінде туындайтын практикалық мәселелерге назар аударылды.

Хуана Мера Кабельо, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің серіктестік мәселелері жөніндегі басшысының орынбасары: «Қатыгез қарым-қатынас пен азаптау фактілерін тиімді тергеп-тексеру адам құқықтарын қорғау, қайталанатын бұзушылықтардың алдын алу және сот төрелігіне деген сенімді нығайту үшін қажет. ЕО қаржыландыратын осы жоба аясында әзірленген әдістемелік ұсынымдар Қазақстандағы құқық қолдану практикасы мен есептілікті одан әрі нығайтуға арналған практикалық құрал болып табылады», – деп атап өтті.

Дильбарханова Жанат Рахимжанқызы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Басқару академиясының бастығы, заң ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі: «Біздің міндетіміз — әдістемелік ұсынымдарды тергеушінің жұмыс құралына айналдыру. Олар дәлелдемелерді уақтылы тіркеуге, қатыгез қарым-қатынастың мән-жайларын жан-жақты анықтауға және жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге көмектесуге тиіс. Академия жаңа тәсілдердің күнделікті тергеу тәжірибесінде дәйекті қолданылуын қамтамасыз ету үшін пысықталған ұсынымдарды қызметкерлерді кәсіби даярлау барысында пайдалануға дайын», – деп атап өтті.

PR EUKZ 1

Жоба аясында бастапқы тергеу әрекеттеріне қатысты негізгі ұсынымдар ұсынылды. Олардың қатарында дәлелдемелердің сақталуын қамтамасыз ету, медициналық тексерулер мен сот-медициналық сараптамаларды уақтылы жүргізу, сондай-ақ жәбірленушілер мен олардың өкілдерінің қылмыстық процеске тиімді қатысуын қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Келесі қадам – жаңа әдістемелік алгоритмдерді құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби даярлау арқылы аумақтық бөлімшелердің күнделікті жұмысына енгізу.

Анықтамалық ақпарат: Жобаны Талдықорған құқық қорғау орталығы Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюромен және Penal Reform International (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігімен әріптестікте жүзеге асырады.