EuroFest2024: Астанада Еуропа күніне орай ауқымды фестиваль өтті!

1 маусым күні еліміздің астанасы Еуропа күнін кең ауқымды мерекелеу орнына айналды. Мыңдаған елорда тұрғындары мен қонақтары, студенттер мен жас бүлдіршіндердің қатысуымен бірлік, әртүрлілік және достық атмосферасында EuroFest2024 фестивалі салтанатты түрде аталып өтті.

Еуропалық ауыл шаруашылығы комиссары Януш Войчеховски, Еуроодақ елшілері мен дипломаттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева EuroFest2024 қонақтарын үлкен сахнада қарсы алды.

Еуропалық Комиссар Януш Войчеховски өзінің құттықтау сөзінде: «EuroFest2024 – бұл біздің ортақ мүддемізді және ЕО-Қазақстан арасындағы берік әрі өзара қолдауға негізделген қарым-қатынасқа деген адалдығымызды атап өту мүмкіндігі. Бұл күн «Достық, мәдениет және ынтымақтастықты» білдіреді!»

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас: «Бүгін біз Еуропалық Одақтың бірлігі, бейбітшілігі және ортақ құндылықтарын мерекелеу аясында Еуропа айын атап өтудеміз. ЕО-ға мүше елдердің көркемдігін аша отырып, ЕО қаржыландыратын жобалар туралы көбірек біліп және Еуропаның бай мәдени әртүрлілігін сезініп, осы мерекеден ләззат алыңыздар! Астананың төрінде орналасқан «Ғашықтар» саябағында өтетін EuroFest2024 сізді Еуропалық Одаққа ғашық етеді деп сенемін!»

Фестиваль бағдарламасы қонақтарға арнап көптеген қызықты шаралар ұсынды. Еуропалық Одаққа мүше әрбір мемлекеттің стендтерінде дәмді ұлттық тағамдар мен Еуропа гастрономиясының түрлі ләззаттары ұсынылды. Фестиваль қонақтары ЕО елдерінің мәдениетімен жақын танысып, әр стендін аралай отырып, Еуропаны шарлады да естелік кәдесыйларға ие болды. EuroFest2024 мерекесі күні барлық қатысушылар мен қонақтар қоғамның жақсаруына үлес қосып, бірге игі іс жасады: сатылымдардан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа арналды.

Сонымен қатар, шара қонақтары өңірімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалар мен бағдарламалар туралы Қазақстан мен Орталық Азияға оң әсерін көрсететін, Еуропалық Одақ қаржыландыратын түрлі жобалардың арнайы стендтерінен біле алды.

EuroFest2024 мерекелік бағдарламасы аясында қонақтар жанды музыка мен би қойылымдарын тамашалады. Эстон және румын, поляк билері, неміс әндері, испан фламенкосынан мастер-классы, француз тілі сабағы, сондай-ақ түрлі воркшоптар мен флешмобтар ұмытылмас мерекелік атмосфераны қамтамасыз етті. Ең кішкентай қонақтар үшін ашық аспан астындағы кинотеатр, түрлі іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырылды.

Қосымша ақпарат алу үшін ЕО Қазақстандағы Өкілдігінің баспасөз және ақпарат бөліміне  хабарласыңыз: delegation-kazakhstan-pic@eeas.europa.eu