OP-ED: «ОСЛО КЕЛІСІМДЕРІНЕ» ОТЫЗ ЖЫЛ – ТАЯУ ШЫҒЫСТА БЕЙБІТ ӨМІР ОРНАТУ БАҒЫТЫНАН ТАЙМАЙМЫЗ

Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы Өкілі – Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл

30 жыл бұрын, 1993 жылғы 13 қыркүйекте Ясер Арафат пен Ицжак Рабин Израиль-Палестина қақтығысын бес жыл ішінде түпкілікті реттеуге тиіс «Осло келісімдерін» бекітіп, қол алысты. Сол күні ондаған жылдар бойы созылып келе жатқан араб-израиль-палестина қасіретінің аяқталуын көреміз деген үмітте болғаным есімде. Ал қазір 2023 жылы жағдай қалай өзгерді? Бейбітшілік те, қақтығысты бейбіт жолмен реттеу үдерісі де жоқ. Үміт реніш пен өкінішке айналып, келісімдердің 30-жылдығы назардан тыс қалып қойды.

Израиль-Палестина шекарасында қақтығыс жаңа қарқынмен жанданып келеді. Биылдың өзінде 200-ден астам палестиналық және 35 израильдік қаза тапты. Палестиналық содырлардың израильдіктерге қарсы лаңкестік шабуылдары да, израильдік қоныс аударушылардың да палестиналықтарға қарсы жасаған лаңкестік әрекеттері рекордтық деңгейге оралды. Израиль Батыс жағалаудағы елді мекендерді кеңейтуді жалғастыруда: Осло келісімдері кезінде қоныс аударушылардың саны 280 000 болса, бүгінде 700 000-нан асады. Қоныс аударушылардың зорлық-зомбылығы, шекарада салынған қабырға, қиратулар және басқа да әрекеттер салдарынан Палестина халқы Батыс жағалаудың көптеген аудандарындағы жерлерінен біртіндеп кетуге мәжбүр, ал Газадағы гуманитарлық апат тоқтаусыз жалғасуда, оның қашан аяқталатыны белгісіз.

Сонымен қатар, халықаралық деңгейде мойындалған Палестина басшылығына көрсетілетін ел ішіндегі қолдау  бұрын-соңды болмаған төмен деңгейде. Оның үстіне, қаржыландырудың жетіспеушілігі жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Ал Израиль болса, керісінше, қауіпсіздік жағдайындағы кемшіліктеріне қарамастан өркендеп келе жатқан «стартап мемлекетіне» айналды. Тель-Авив Рамалла сияқты осы қалыптасқан жағдайды өзгерту қажеттілігін қатты сезбейді, бірақ мұнымен қақтығыс шешімін таппайды: Израиль палестиналықтармен бітімгершілік жасамай-ақ алға жылжи алады деген ой қауіпті иллюзия.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі резолюциялары мен халықаралық құқықтың ең негізгі қағидаттарын бұзудың жалғасуы тек өңірде ғана емес, бүкіл әлем бойынша заңға негізделген халықаралық тәртіпке деген сенімді кетіруде. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың израильдіктер мен палестиналықтар арасында бейбіт келісім орнатуға бейілдігін тағы бір мәрте растап, осы мақсатта күш біріктіру қажеттілігі бұрынғыдан да өзекті болып тұр.

Жылдар бойы біз – Еуропалық Одақ және халықаралық қауымдастық – «екі халыққа екі мемлекет» қағидасына негізделген шешімді қолдап келеміз: екі елдің де астанасын Иерусалим деп танып, бейбіт және қауіпсіз ортада бір-бірімен қатар өмір сүретін Израиль мемлекеті мен тәуелсіз, демократиялық, іргелес әрі егеменді Палестина мемлекеті. Израильдің ұстанған саясаты (fait accompli policy) қақтығыстың осы шешімінің жүзеге асырылуын екіталай етіп отыр. Бірақ израильдіктер мен палестиналықтарға бейбіт өмір беретін қандай басқа балама шешім бар? Бұл сұраққа ешкім шындыққа жанасатын жауап бере алмайды.

Кейбір араб мемлекеттері мен Израиль арасында дипломатиялық байланыстар орнату аймақтағы бейбітшілік үшін маңызды болса да, израильдіктер мен палестиналықтарды бейбіт жолға жақындата түспеді. Сондықтан Араб мемлекеттері лигасы, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иорданиямен бірге біз «екі халыққа екі мемлекет» қағидасына негізделген шешімді жандандыруға ортақ үлес қосуды ұйғардық.

18-ші қыркүйекте Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ отырысында біз «Бейбіт күннің талпынысы» атты бастаманы іске қостық. Бұл іс-шара 50-ден астам елдер мен ұйымдардың қатысуымен сәтті бастау алды. Біз палестиналықтар мен израильдіктер бейбіт келісімге қол жеткізе алған жағдайда, осы бейбіт шешімнің пайдасын барынша арттыратын «Бейбітшілікті қолдау пакетін» құрастыра отырып, бейбіт жолмен реттеу үдерісін қайта іске қосуға ниеттіміз. Бұл бастама 2002 жылғы Араб бейбітшілік бастамасына және 2013 жылғы ЕО-тың «Саяси, қауіпсіздік және экономикалық қолдау пакетіне» негізделген. Израиль мен кейбір Араб мемлекеттері арасында орнатылған қарым-қатынастардан шабыт ала отырып әзірленген аталған екі бастама да бейбіт келісімге қол жеткізу мақсатында қақтығыс тараптарын осындай ынталандыруды көздеген болатын.

Біздің мақсатымыз – Таяу Шығыста шын мәнінде бейбітшілік орнап, шекаралар іс жүзінде ашылып, сындарлы аймақтық ынтымақтастық қалыптасқан жағдайда барлығымыздың қоса алар үлесімізді жинақтау. Біз саяси, экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан қандай болашақ ұсына аламыз? Энергетика, климат, су ресурстары, даму мен басқа салаларда қандай жобаларды іске қоса аламыз? «Бейбіт күннің талпынысы» жай ғана араб-еуропалық күш-жігері емес: барлық халықаралық серіктестер өз үлесін қоса алады, және Нью-Йорк қаласында өткен отырыста көбісі өз қолдауын ұсынды. 13 және 14 қарашада «Бейбітшілікті қолдау пакетін» айқын әрі нақты ету мақсатында Брюссель қаласында біріккен жұмысымызды бастайтын боламыз.

Бұл бастама, әрине, израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу үдерісін алмастыра алмайды. Сонымен қатар «Бейбітшілікті қолдау пакеті» арқылы ғана бейбітшілік орнату жолындағы көптеген кедергілерді еңсере алмаймыз. Дегенмен, бұл артықшылықтар ұсынып, тек келіссөздер арқылы қақтығыстың берік әрі қолайлы стратегиялық шешімін табуға болатындығын еске сала отырып, дұрыс бағытта іс-әрекет етуге ынталандыра алады.

Біздің израильдік және палестиналық достарымыз әлі бейбіт келіссөздер жүргізе қоймаса да, біз сол күнді жақындата түсе аламыз деген үмітпен «екі халыққа екі мемлекет» қағидасына негізделген шешімді барынша қолдап отырмыз. Қазіргі кезде Таяу Шығыста бейбітшілік орнайтын күн қаншалықты алыс болып сезінсе де, Нельсон Манделаның «орындалмайынша, бұл әрқашан мүмкін емес болып көрінеді» деген сөзін негізге ала отырып, біз бейбітшілік жолындағы күш-жігерімізді жалғастырамыз. Палестиналықтардың заңды құқықтары, израильдіктердің тұрақты ұзақ мерзімді қауіпсіздігі, аймақтағы бейбітшілік пен даму және заңға негізделген халықаралық тәртіпке деген сенім үшін әлем Израиль-Палестина қақтығысын ұмытуға жол бере алмайды.