Еуропалық Одақ және Қазақстан
Саяси қарым-қатынастар
Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы 1991 жылы тәуелсіздік алған күннен бастап әріптес болып табылады. 2015 ж. 21 желтоқсанда Астанада Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылды. Еуроодақтың Орталық Азиядағы серіктесімен алғаш қол қойылған бұл жаңа Келісім ЕО мен Қазақстан арасындағы қатынасты жаңа деңгейге жетелеп, олардың 25 жылдық ынтымақтастық тарихында маңызды межені белгілейді.
2020 жылғы наурыздың 1-ші жұлдызында Еуропалық Одақтың барлық мүше мемлекеттері мен Еуропалық Парламент ратификациялаған Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) күшіне енеді. КӘЫК Еуроодақ пен оған мүше мемлекеттердің Қазақстанмен ынтымақтастығын келесі маңызды салаларда нығайтуды көздейді: өзара сауда мен инвестицияларға ықпалдасу, әділсот пен құқықтық тәртіп мәселелері, экономикалық және қаржы саласындағы ынтымақтастық, энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту және әлеуметтік саясат, мәдениет және ғылыми зерттеу жұмысы.
Өңірлік деңгейде, 2019 жылы қабылданған ЕО-ның Орталық Азия бойынша Стратегиясы өңірдегі жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, ортақ сын-қатерлерге бірге төтеп беру және өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін іргелі негіз құрайды. 2025 жылдың сәуірінде Өзбекстанның Самарқанд қаласында Еуропалық Кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық Комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен және Орталық Азияның бес елінің президенттері қатысқан ЕО–Орталық Азия алғашқы саммиті өтті.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САУДА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ
Еуропалық Одақ (ЕО) пен Қазақстан арасында тығыз экономикалық және сауда қарым-қатынастары орнатылған. ЕО Қазақстанның бірінші шетелдік инвесторы мен ең ірі сауда серіктесі болып қалуда. Қазақстанның жалпы сауда көлемінің 32,4% ЕО үлесіне тиесілі. 2024 жылы екіжақты тауар саудасы 2023 жылмен салыстырғанда 6,1%-ға артып, 45 млрд. еуроға жетті.
Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім ((КӘЫК))ЕО пен Қазақстан арасындағы қатынастардың кең құқықтық негізін қамтамасыз етеді. КӘЫК-тің сауда және кәсіпкерлік туралы бөлімдері еуропалық және қазақстандық компаниялар үшін нормативтік-құқықтық ортаны жетілдіру және ынтымақтастықты нығайту арқылы келесі салаларда сауда және инвестициялық қатынастардың дамуына ықпал етеді:
-
қызметтер саудасы
-
компанияларды құру және оларды басқару
-
капитал қозғалысы
-
шикізат материалдары мен энергетика
-
мемлекеттік сатып алу
-
зияткерлік меншік құқығы
2023 жылдың мамыр айында Еуропалық Комиссия Еуропалық Кеңестен ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдері, шараптар мен спирттік ішімдіктердің географиялық көрсеткіштерін (ГК) қорғауға қатысты КӘЫК қосымша хаттамасы бойынша Қазақстанмен келіссөздер жүргізуге мандат алды. Осы уақыт ішінде 2026 жылдың басына дейін келісім жасасу мақсатымен екіжақты келіссөздердің бірнеше раунды өткізілді.
2022 жылғы 7 қарашада Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен мен Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Қазақстанмен аса маңызды шикізат саласындағы стратегиялық серіктестік ЕО-тың аса маңызды шикізатты сенімді, әртараптандырылған, қолжетімді әрі тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған саясатының бір бөлігі болып табылады.
Өзара түсіністік туралы меморандум қазіргі геосаяси жағдайда ынтымақтастықты кеңейтудің саяси негізін қалап, аса маңызды шикізаттың сенімді және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Меморандум жергілікті деңгейде қосымша құнды қалыптастырып, екі жақта да жасыл және цифрлық трансформацияны ынталандыруға арналған. Өзара түсіністік туралы меморандумды жүзеге асырудың 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы нақты нәтиже берді. Қазіргі уақытта 2025-2026 жылдарға арналған стратегиялық серіктестіктің жол картасы жүзеге асырылуда.
Еуропалық Одақ Қазақстанның Ресейдің Украинаға қарсы соғысында еш тарапқа жақтас болмау туралы шешімін толықтай құрметтейді. Еуропалық Одақ Қазақстан аумағын ЕО-тың Ресейге қарсы санкцияларын айналып өту алаңы ретінде пайдалануына жол бермеу үшін Қазақстанмен жұмыс істеуде. Осыған байланысты саяси және техникалық деңгейде қарқынды диалог жүргізілуде.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер
«Еуропалық Одақ – Қазақстан» Ынтымақтастық кеңесінің жыл сайынғы отырыстарында сауда-экономикалық байланыстардың екі тарап арасындағы серіктестігіндегі аса маңызды рөлі ерекше көрсетіліп, осы тақырып бойынша жүйелі түрде талқылаулар жүргізіледі.
Брюссель және Астана қалаларында өткізілетін Ынтымақтастық комитеті, Сауда конфигурациясындағы Ынтымақтастық комитеті, сондай-ақ Кедендік ынтымақтастық жөніндегі кіші комитет отырыстарында сауда, инвестициялар мен кеден мәселелері жүйелі түрде талқыланады.
2019 жылдың маусым айында Қазақстан үкіметі, еуропалық компаниялар мен ЕО мүше мемлекеттері дипломатиялық миссияларының басшылары арасында жүйелі әрі тікелей диалогты қамтамасыз етуге арналған Іскерлік платформа жұмысын бастады. 2019-2025 жылдар аралығында денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқару, аса маңызды шикізат, Транскаспий көлік дәлізі және іскерлік климаттың жүйелі мәселелерін қоса алғанда, әртүрлі тақырыптарды қамтитын Іскерлік платформаның 17 отырысы өтті.
Access2Markets онлайн порталында ЕО сауда келісімдері мен ережелері туралы ақпаратпен
ҚОРШАҒАН ОРТА ЖӘНЕ КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ
Қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі екіжақты диалогтар КӘЫК шеңберінде Энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі кіші комитет шеңберінде өтеді
Қазақстан қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ЕО-Орталық Азия платформасының белсенді мүшесі болып табылады, оның келесі отырысы 2026 жылы өтеді. Соңғы отырыс 2023 жылы Римде өтті.
Қазақстан 2016 жылғы 6-желтоқсанда Париж келісімін ратификациялады. Қазақстанның Париж келісіміне ұлттық деңгейде айқындалған үлесі 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай парниктік газдар (ПГ) шығарындыларын 15% — ға азайтудың сөзсіз мақсатын көздейді.
ЕО Қазақстанның жасыл экономикаға көшу жөніндегі ұлттық бағдарламасын, атап айтқанда, экологиялық кодексті енгізуді және шығарындыларға арналған квоталармен сауда жүйесін жаңғыртуды белсенді қолдайды.
Қосымша ақпарат ЕС жобаларының парақшасында
ЭНЕРГЕТИКА
Қазақстан экономикасы негізінен мұнай секторына, сондай-ақ көмір, уран және басқа да маңызды шикізат түрлерін өндіруге негізделген. Қазақстан ЕО-дағы энергия ресурстарының ірі жеткізушісі болып табылады және ЕО нарықтарына жеткізу көздерін әртараптандыруға ықпал етеді.
2024 жылдың 1-тоқсанында 10,9% үлесі бар Қазақстан ЕО-ға АҚШ пен Норвегиядан кейінгі үшінші ірі мұнай экспорттаушы болып табылады. Экспорттың көп бөлігі КТК құбыры арқылы Қара теңізге дейін тасымалданады, сондай-ақ Каспий теңізі бойынша теңіз көлігімен тасымалдау көлемі ұлғаюда.
Екіжақты қатынастар орнаған сәттен бастап Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы энергетика саласында берік және өзара тиімді қатынастарды дамытуда. ЕО-ның ірі энергетикалық компаниялары қазақстандық мұнай-газ өнеркәсібіне қомақты қаражат салады. Екінші жағынан, ҚМГ қазақстандық ұлттық мұнай-газ компаниясы Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Шығыс әріптестік елдеріндегі мұнай өңдеу, сауда және бөлшек сауда саласындағы активтерді бақылайды.
Қазақстан уранның орасан зор қорына ие және шикі уран өндіру мен экспорттау бойынша әлемде бірінші орында тұр. Ол ЕО атом энергетикасы үшін жалғыз ірі жеткізуші болып табылады және ЕО-да уранға сұраныстың 21% - дан астамын қамтамасыз етеді. Еуропалық Одақ үшін Қазақстаннан мұнай мен уран экспорты үлкен маңызға ие және континенттің энергетикалық көздерін әртараптандыруға оң үлес қосады.
Қазақстанның ЕО энергетикалық ландшафтындағы өсіп келе жатқан рөлі энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың ойластырылған құқықтық және институционалдық базасымен нығайтылуда. Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасында қол қойылған КӘЫК-де жалпы мүдделілік, өзара түсіністік, ашықтық және болжамдылық қағидаттары негізінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін энергетика саласындағы кеңейтілген, орнықты және тиімді ынтымақтастық қажеттігі атап өтіледі. Энергетика мәселелері энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі кіші комитет шеңберінде талқыланады.
ЕО мен Қазақстан арасындағы практикалық ынтымақтастық «жасыл» ауысуға және жаңартылатын энергия көздерін ілгерілетуге бағытталған. ЕО-ның бірқатар компаниялары елде жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды іске асыруда. Қазақстан су, энергетика және климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі «Team Europe» өңірлік бастамасына қатысады (жобаның веб-сайтына сілтеме / Global Gateway)
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ
КӘЫК-де демократияға, құқықтың үстемдігіне, адам құқықтарына және негізгі бостандықтарға көп көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, КӘЫК Қазақстанды реформалар мен жаңғырту үдерістерінде, әсіресе 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін, қолдауға бағытталған. Жыл сайын ЕО мен Қазақстан адам құқықтары жөніндегі диалогты және Сот төрелігі және құқықтық тәртіп жөніндегі кіші комитеттің отырысын өткізеді.
Адам құқықтары жөніндегі диалог отырыстарында адам құқықтары саласындағы көптеген мәселелер талқыланады, мысалы:
-
пенитенциарлық жүйе, азаптау мен қатыгездіктің алдын алу
-
азаматтық қоғам
-
қауымдастық бостандығы және бейбіт жиналыс бостандығы
-
әйелдер құқықтары
-
Бала құқықтары және кемсітушілікке жол бермеу
-
Сөз бостандығы
-
Дін және сенім бостандығы
Сот төрелігі және құқық тәртібі жөніндегі кіші комитет құқық үстемдігі, тиімді мемлекеттік басқару және сот жүйесін реформалау, сот органдарының ынтымақтастығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ақшаны жылыстату, көші-қон және виза алу, баспана беру, шекараларды басқару, терроризмге қарсы күрес және зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді
Сонымен қатар, ЕО өкілдігі мен ЕО-ға мүше мемлекеттер Әділет министрлігімен және құқық қорғау органдарымен екі айда бір рет адам құқықтары мәселелері бойынша кездесулер өткізеді. Бұл кездесулерде адам құқықтарының барлық тақырыптық тұстары, сондай-ақ ағымдағы оқиғалар мен алаңдаушылық тудыратын жағдайлар талқыланады.
ЕО серіктес елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы азаматтық қоғамға адам құқықтары мен демократия жөніндегі жаһандық тақырыптық бағдарламалар (HRD) және азаматтық қоғам ұйымдары (АҚҰ) шеңберінде, сондай-ақ ЕО-ның «Орталық Азиядағы азаматтық қоғам құралы» өңірлік жобасы арқылы қолдау көрсетеді.
Жобалар бойынша толығырақ ақпарат Жобалар бөлімінде қолжетімді.
Қазақстандағы азаматтық қоғам ұйымдарымен (АҚҰ) диалог ЕО-ның азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі Жол картасында көзделген ЕО қызметінің басымдықтарына сәйкес тақырыптардың кең ауқымы бойынша және әртүрлі форматтарда жүргізіледі.
Global Gateway
Global Gateway – бұл цифрлық, энергетикалық және көлік секторларындағы зияткерлік, экологиялық таза және қауіпсіз байланыстарды ынталандыруға, сондай-ақ бүкіл әлемде денсаулық сақтау, білім беру және ғылыми зерттеулер жүйесін нығайтуға бағытталған еуропалық стратегия. «Team Europe» тәсілінің арқасында Global Gateway тұрақты өсуге ықпал ететін инвестицияларды тарту үшін жеке секторды жұмылдыру мақсатында ЕО-ны, оның мүше мемлекеттерін және олардың қаржылық және даму институттарын біріктіреді.
2021-2027 жылдар аралығында «Team Europe» шеңберінде серіктес елдердің қажеттіліктерін ескере отырып және жергілікті қоғамдастықтар үшін ұзақ мерзімді пайданы қамтамасыз ете отырып, тұрақты, трансформациялық және жоғары сапалы жобаларға 300 млрд.еуроға дейін инвестициялар жұмылдырылатын болады. Бұл ЕО серіктестеріне тұрақты және өміршең қоғамдар мен экономикаларды құруға, сондай-ақ ЕО-ға мүше мемлекеттердің жеке секторына инвестициялауға және ең жоғары экологиялық және еңбек стандарттарын, сондай-ақ қаржыны ұтымды басқаруды қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті болып қалуға мүмкіндік береді.
Орталық Азия мен Қазақстанда «Global Gateway» стратегиясы төрт басымдыққа бағытталған: су ресурстары/энергетика/климат, цифрлық өзара байланыс, Транскаспий көлік дәлізі және аса маңызды шикізат.
Континенттер мен қауымдастықтарды байланыстыра отырып, «Global Gateway» тұрақты, экологиялық таза және өзара байланысты әлемді қалыптастырады.
Флагмандық жобалар:
Орталық Азиядағы су ресурстары, энергетика және климаттың өзгеруі жөніндегі Team Europe өңірлік бастамасы
Су ресурстары, энергетика және климаттың өзгеруі саласындағы «Team Europe» бастамасы трансшекаралық су ресурстарын басқару және су бассейндерін басқару бастамаларына баса назар аудара отырып, су ресурстарын ұтымды басқаруға өңірлік көзқарасты қолдайды. Бастама жаңартылатын энергия өндірісіндегі үздік теңгерімді қамтамасыз ету үшін Арал теңізін құтқарудың халықаралық қорын (АҰХҚ), сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік энергетикалық өзара байланысты қолдайды. ЕО-ның 20 млн.еуро тікелей техникалық қолдауымен ол мүше мемлекеттердің инвестициялары мен жобалары үшін 600 млн. еуроны біріктіреді
Басты компоненттер
-
Су және энергетика ресурстарын өңірлік кешенді басқаруды жақсарту:
-
Бәсекелес су пайдаланушылар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту.
-
-
«Жасыл» ауысуға инвестицияларды ұлғайту:
-
Тұрақты энергетикалық және су инфрақұрылымын қолдау үшін ресурстарды жұмылдыру
-
Осы бастама арқылы ЕО келесі мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылады:
-
Трансшекаралық су ресурстарын басқаруды жетілдіру: өңірлік су ресурстарын басқаруды жақсарту арқылы бәсекелес су пайдаланушылардың қажеттіліктері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету
-
Инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру: аса маңызды энергетикалық және су инфрақұрылымы үшін құқықтық және институционалдық негіздерді нығайту.
-
Климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын жұмсарту: су ресурстарын ұтымды басқаруға және климаттық мәселелерді шешу үшін тұрақты инфрақұрылым құруға ықпал ету.
-
Қоршаған ортаны қорғау: ЕО мен Орталық Азия арасындағы аймақтық ынтымақтастық пен саяси диалог арқылы қоршаған ортаның нашарлауымен және биоәртүрліліктің төмендеуімен күресу.
Орталық Азиядағы цифрлық өзара байланыс
«Global Gateway» цифрлық өзара байланыс бастамасы Қазақстан мен Орталық Азия кәсіпорындары мен азаматтарының сенімді спутниктік байланыс арқылы қауіпсіз интернетке қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Оған Еуропалық Одақ, Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) және ЕО-ға мүше мемлекеттер (соның ішінде Эстония, Финляндия, Франция, Латвия және Литва) қатысады.
«Цифрлық өзара байланыс» бастамасы өңірдегі цифрлық алшақтықты азайтады және инклюзивті «соңғы миль» цифрлық қызметтерін дамытуға ықпал етеді. ЕО сонымен қатар Орталық Азияны ЕО үшін әзірленген бағдарламалар мен бастамаларға қосады. Бұл бастама Азия-Тынық мұхиты аймағында Digital4Development Hub жобасын жүзеге асырудың алғашқы нақты көрінісі болады.
Негізгі мақсаттар:
-
Қазақстан мен Орталық Азияда цифрлық байланысты ілгерілету және цифрлық экономиканы дамыту
-
жоғары өнімді интернет желісін дамыту, халықаралық кең жолақты байланысқа қолжетімділікті кеңейту және Еуропа мен Орталық Азия арасында қауіпсіз байланыс орнату арқылы өңірдегі байланыс арналарына қосылу мүмкіндіктері тұрғысынан алшақтық мәселесін шешу. Бұған спутниктік топтастыруға және жер үсті инфрақұрылымын орналастыруға инвестициялар кіреді.
-
өңірдегі цифрлық алшақтықты азайту және жалпы экономика үшін оң салдарлар жасау
Аса маңызды шикізат
Бұл флагмандық жоба 2022-жылы Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйен мен сол кезде Премьер-министр қызметін атқарған Алихан Смаилов арасында қол қойылған Тұрақты шикізаттың, аккумуляторлық батареялардың және «жасыл» сутектің құн тізбегі саласындағы Қазақстанмен стратегиялық әріптестікке негізделген.
Бұл бастама шикізат пен қайта өңделген материалдарды сенімді және тұрақты жеткізуді дамытуға бағытталған. Ол сондай-ақ екі серіктестің экономикасында «жасыл» және цифрлық трансформацияны ынталандыру мақсатында жаңартылатын сутегі мен аккумуляторлық батареялардың құн тізбегін дамытуға бағытталған.
Қазақстанмен стратегиялық әріптестік ЕО және Қазақстан экономикалары үшін жаңа, неғұрлым экологиялық таза негіз құруға көмектесетін шикізатты, қайта өңделген материалдарды және жаңартылатын сутекті сенімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қазба отынына тәуелділіктен кетуге ықпал етеді. Қазақстанмен стратегиялық әріптестік Еуропаның неғұрлым экологиялық және тұрақты болашаққа қол жеткізу үшін әріптес елдермен ынтымақтасуға ұмтылысын көрсетеді.
ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі ЕО мен Орталық Азияның тиісті елдері арасындағы аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және техникалық дайындық жұмыстары арқылы шикізат пен аккумуляторларды жеткізу тізбегінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған «ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӨРКЕНДЕУ ЖӨНІНДЕГІ ЕО БАҒДАРЛАМАСЫ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АСА МАҢЫЗДЫ ШИКІЗАТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ КЕҢЕЙТУ» өңірлік бағдарламасына жетекшілік етеді. Бұл компонентті ЕҚДБ жүзеге асырады.
ЕО Еуропа мен Азия арасындағы жүктерді тасымалдау уақытын 15 күнге дейін қысқартуға қабілетті заманауи, бәсекеге қабілетті және тиімді бағыт ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды қолдайды.
ЕО көлік қатынасы мен ынтымақтастықты жақсартуды, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін желілік тәсілді ұстанатын болады.
Қазақстан стратегиялық маңызды орналасуына ие бола отырып, осы бастамада ЕО-ның негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. ЕО мен Қазақстан ЕО-ның көлік стандарттарын кеңінен енгізу, инфрақұрылымға инвестицияларға жәрдемдесу, дәліз бойындағы сауданы оңайлату және Орталық Азиядағы шекараларды басқаруды оңтайландыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуде.
Global Gateway жайлы қосымша ақпарат