Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің жаңа Елшісі Свен-Олов Карлссон Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды
Сенім грамоталарын тапсыру ресми рәсімі мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін Елші Свен-Олов Карлссон БАҚ өкілдеріне келесі сөз жолдады: "Біздің дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың 25-жылдығында Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің Басшысы ретінде лауазымға кірісу мен үшін аса зор мәртебе. Мен аталған тағайындалуды ЕО пен Қазақстан арасындағы табысты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндігі, әрі Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісімді іске асыруға ат салысу қадамы ретінде қарастырамын. Қазақстан ЕО-мен осындай Келісімге қол қойған Орталық Азияның тұңғыш мемлекеті болып табылады".
2015 ж. 21 желтоқсанда Астанада Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылды. Аталған жаңа келісім Еуропалық Одақтың орталықазиялық әріптестерінің бірімен жасасқан тұңғыш бірегей келісім болып табылады. Ол ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлесін қосуда.
Елші Карлссон Еуропалық Одақ пен Қазақстанның халықаралық саясат алаңындағы саясатының өзара үйлесімділігін атап өтті: "Еуропалық Одақ әлемдегі ең ірі еркін сауда аймағы ғана емес. ЕО-ның жаңа Жаһандық Стратегиясы жаһандық деңгейде қауіпсіздік пен қорғаныс, басқару пен даму, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау салаларында біздің іс-қимылымызды қарқындатады. Қазақстанның жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі артып келеді. Сирия бойынша Астана процессі, Иран ядролық бағдарламасы бойынша кеілісімге қатысты мәселені шешудегі іс-қимылдар мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді рөлі– осының барлығы ауқымды Орталық Азия мен Ауғанстан өңірінде тұрақтылық пен дамуды ілгерлетуді қамтамасыз етудегі біздің ортақ мүдделер мен мақсаттарымызға жауап береді".
Сенім грамоталарын тапсырудың ресми рәсімі Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы Ақордада орын алды. Салтанатты рәсімге Ж.М. Карлссон мырзамен бірге жұбайы Мария Антониетта Вантаджато ханым мен ЕО Өкілдігінің Саясат бөлімінің Басшысы Золтан Салаи мырза қатысты.
Анықтама
Еуропалық Одақ дипломатия, сауда, даму үшін көмек көрсету және халықаралық ұйымдармен жұмыс саласында маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде ЕО-ның 140 өкілдіктері мен кеңселері Еуропалық Одақ және оның азаматтары атынан жаһандық деңгейде өкілдік етуде. ЕО өкілдіктері ЕО сыртқы саясатын ұсыну, түсіндіру және іске асыруда негізгі рөлді атқарып, белгіленген құзыретіне сәйкес ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға үлесін қосуда.
2018 жылы 2 ақпанда Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Оның іргетасы 2015 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған ЕО пен ҚР арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық келісімі (КӘЫК) болып табылады. КӘЫК-нің негізгі бөлімдері 2016 жылдың 1 мамырынан бастап уақытша тәртіпте жүзеге асырыла бастады. Келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, ЕО пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, мәдениет, білім және ғылыми зерттеу салаларындағы ықпалдастыққа жол ашты. 1991-2014 жж. аралығында ЕО Қазақстанда жалпы сомасы 180 млн еуро құрайтын 350-ден астам жобаны тікелей қаржыландырды. Бұл жобалар ҚР Үкіметінің әр түрлі министрліктері, ведомстволары мен комитеттеріне саяси кеңес және техникалық көмекке бағытталды.
Биографиялық ақпарат:
Елші Свен-Олов Карлссон – жоғары білікті швед дипломаты, Еуропалық Одақ мекемелерінде қомақты тәжірибе жинақтаған. Өзінің кәсіби мансабы барысында Карлссон мырза Швеция Сыртқы істер министрлігінде (1992-1996 жж.), Еуропалық Комиссияның Швециядағы Өкілдігі Басшысының орынбасары (1996-1998 жж.), Еуропалық Комиссияның мекемелеріндегі бірнеше басқарушы лауазымдарында, және Еуропалық сыртқы істер кызметінің Ресей жөніндегі басқарма Басшысының орынбасары (2009-2013) қызметтерін атқарды. Қазақстанға келуден бұрын 2013-2018 жж. аралығында Ресейдегі ЕО Өкілдігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды. Елші Карлссон Уппсала Университетінің (Швеция) славянтану және бизнестік басқару мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесін иеленуде. Өзінің ана швед тіліне қоса, ағылшын, орыс, итальян, француз, неміс, поляк және дат тілдерін еркін меңгерген.
Қосымша ақпарат бойынша Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова ханымға хабарласуыңызды сұраймыз, тел: + 7 (7172) 974567, elnara.bainazarova@eeas.europa.eu.