Нұр-Сұлтанда Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы өркендеу үшін кеңейтілген интеграция жөніндегі аймақтық конференциясы басталды

28.11.2019

НҰР-СҰЛТАН – Бүгін Нұр-Сұлтанда «Орталық Азиядағы өркендеу үшін кеңейтілген интеграция» тақырыбындағы аймақтық конференция басталды. Еуропалық Одақ ұйымдастырған екі күндік іс-шара Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы аймақтық интеграцияны және 2019 жылғы маусымда қабылданған Орталық Азия бойынша ЕО-ның жаңа стратегиясын ілгерілетуге бағытталған.

Конференцияның бірінші күні ЕО жалпы сомасы 28 миллион еуро көлемінде қаржыландыратын Орталық Азиядағы сауда, заң үстемдігі, сондай-ақ инвестициялар мен өсуді қолдауға бағытталған үш жылдық бағдарламаларының ресми түрде іске қосылуын атап өтті.

Аталған үш бағдарламаны басқаруға жауапты Қазақстандағы ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссон: «Бүгін ЕО және Орталық Азия бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданғаннан кейін бес ай өткен соң, біз келесі деңгейге көтеріліп, аймақтық ынтымақтастыққа одан әрі инвестиция тартуға ниет білдіреміз. Аймақтық ынтымақтастықтың өркендеуі Орталық Азия елдеріне өзара тәуелділікті басқаруды жетілдіруге, олардың осалдықтары мен ортақ мәселелерін шешуге, экономикалық өсу әлеуетін ашуға, сонымен қатар, олардың тәуелсіздігі мен өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, халықаралық қатынастардағы ықпалын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз. Біз бүгін іске қосылған бағдарламалардан едәуір нәтиже күтеміз, себебі олар тек ЕО салық төлеушілері тарапынан қомақты инвестицияны ғана емес, көмек алушы елдер экономикаларын әртараптандыру және бәсекеге қабілетті ету жолында ілгерілетудің маңыздылығы мен салыстырмалы түрде шұғыл табиғатын түсінуді білдіреді».

Үш бағдарлама бойынша келісімдерге қол қою рәсіміне ЕО Елшісі Свен-Олов Карлссон мырза, Еуропа Кеңесінің бағдарламалар бойынша директоры Верена Тейлор ханым, Халықаралық сауда орталығының (ХСО) ұлттық бағдарламалар бойынша директоры Ашиш Шах мырза және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон мырза қатысты. Еуропа Кеңесі, ХСО және ЭЫДҰ бағдарламаларды іске асыратын халықаралық ұйымдар болып табылады.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтерінің жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық және донорлық қоғамдастық өкілдері қатысты.

Бағдарламалардың іске қосылуынан кейін ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясында анықталған мәселелер бағытында министрлер деңгейіндегі пікірталастар өтті, онда Орталық Азия үкіметтері, ЕО және оның серіктестері мен жеке сектордың стратегияның нақты іс-әрекетте қалайша жүзеге асатыны талқыланды. Баяндамашылар, оның ішінде экономика және әділет министрлері мен министрлерінің орынбасарлары Орталық Азия елдерінің инвестицияларды тарту және тұрақты және инклюзивті өсу саласындағы басымдықтарын, олардың аймақтық және халықаралық сауда интеграциясын кеңейту жоспарларын және заң үстемдігін нығайту бойынша ағымдағы саясатын талқылады.

Іс-шараның екінші күні Еуропалық Одақтың "Орталық Азия Инвест" аймақтық бағдарламасына арналады. Осы бағдарлама аясында жүзеге асырылатын гранттық жобалар, алынған тәжірибе мен жетістіктермен алмасу және оларды аймақтық инвестициялық саясат аясында салыстыру туралы ақпарат беріледі.

Анықтама
Еуропалық Одақ Орталық Азияның стратегиялық рөлін мойындай отырып, ұзақ уақыт бойы аймақ үкіметтерін интеграцияны дамыту, тұрақты экономикалық өсуді қолдау және ортақ өркендеуге ықпал етуге шақырды. Жақындағы аймақтағы модернизациялау әрекеттері ЕО-мен сауда, инклюзивтілік және экономиканы әртараптандыру бойынша терең ынтымақтастыққа әкелді. Осы нәтижелерге сүйене отырып, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы 2019 жылдың 17 маусымында ЕО мүше мемлекеттерімен қабылданды. Берік ынтымақтастықтың негізгі мақсаттарының бірі – аймақтың тұрақтылығы мен өркендеуін жетілдіру, оның ішінде аймақтық байланыстар, заң үстемдігі, инвестициялар тарту және жеке секторды дамыту бағыттары.

ЕО Орталық Азия стратегиясы туралы  қосымша ақпарат келесі сілтемелер бойынша қолжетімді:
https://eeas.europa.eu/headquarters/headquarters-homepage_en/62412/New%20EU%20Strategy%20on%20Central%20Asia
https://eeas.europa.eu/sites/default/files/factsheet_centralasia_2019.pdf

Қосымша сұрақтар бойынша:
•    ҚР ЕО Өкілдігінің Баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова:   
+ 7 701 9400086, e-mail: elnara.bainazarova@eeas.europa.eu.
•    ҚР ЕО Өкілдігінің Ақпарат бойынша ассистенті Еркежан Амриева:
+ 7 (775) 6730823, e-mail: yerkezhan.amriyeva@eeas.europa.eu.