Еуропалық Одақ - Орталық Азия қатынастарының 25 жылдығы: өткеннен болашаққа
Конференция жұмысына 150-ден астам делегат қатысып, олардың арасында, дипломаттар, танымал халықаралық және отандық сарапшылар бар: Кшиштоф Страхота, Шығыс зерттеулері Орталығының Түркия, Кавказ және Орталық Азияны зерттеу бөлімі басшысы (Польша), Николас де Педро, Барселоналық Халықаралық қатынастар орталығының сарапшысы (Испания), Музаффар Олимов («Шарк» зерттеулер орталығының директоры, Тәжікстан), Эмильбек Джураев (Американдық Орталық Азия Университеті, Қырғызстан), Ботир Турсынов (Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты, Өзбекстан), Илейн Конкиевич, «БҰҰ Әйелдер» құрылымының өкілі, Хелен Дубок, Орталық Азиядағы гендерлік зерттеулер жөніндегі ЕО жобасының жетекшісі, Алма Қасымова, Қазақстан бойынша «Шағын бизнеске арналған консультациялар» ЕҚДБ бағдарламасының директоры, Ержан Салтыбаев, Әлемдік экономика және саясат институтының Директоры, тележүргізуші Ляйла Сұлтанқызы, журналист Мәди Мәмбетов және басқалары.
Пленарлық сессияда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов және Орталық Азия бойынша ЕО Арнайы Өкілі Петер Буриан сөз сөйледі. Сондай-ақ, жекелеген елдік баяндамаларды Орталық Азия елдеріндегі ЕО өкілдіктерінің басшылары ұсынды: Қазақстандағы ЕО Елшісі Траян Христеа, Өзбекстандағы ЕО Елшісі Эдуардс Стипрайс, Қырғызстандағы ЕО Өкілдігінің Уақытша сенімді өкілі Яап Ора, сонымен қатар Тәжікстандағы ЕО Өкілдігінің Саясат бөлімі басшысы Маргус Солнсон.
«Өзара бейбіт әрекеттестік арқылы тұрақтылыққа және гүлденуге қол жеткізу ортақ мақсаты міне, осымен ширек ғасыр бойы ЕО және Орталық Азия өңірлерін біріктіріп, оларды көптеген салаларда, соның ішінде, саяси ынтымақтастықта және экономикалық дамуда серіктес етіп келеді. Осындай ұзақ мерзімді серіктестік тараптар үшін Орталық Азия аймағының саяси тұрақтылығына және экономикалық гүлденуіне бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру ісінде кең көкжиектер ашады», - деп атап өтті Петер Буриан, Орталық Азия бойынша ЕО Арнайы Өкілі.
Конференция барысында төрт тақырыптық сессия өтіп, оған қатысушылар Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ортақ қауіпсіздік сын-тегеуріндеріне, Орталық Азия аймағындағы гендерлік теңдік және адами әлеуетті дамыту мәселелеріне, ЕО-Қазақстан сауда-инвестициялық ынтымақтастығы мәселелеріне арналған өзекті тұстарды талқылады, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының жобасына арналған ұсынымдарды қарастырды.
«ЕО және ОА елдеріне ортақ қауіпсіздік сын-тегеуріндері: қауіпсіздіктің адами өлшемі» сессиясы шеңберінде сарапшылар лаңкестік, күштеу экстремизмі, заңсыз есірткі айналымы, ұйымдасқан қылмыс және көші-қон мәселелерін талқылады. Қазіргі заманғы қауіпсіздік қатерлерінің алдын алудың негізгі құралдарының бірі болып адам құқықтарын сақтау және демократиялық институттардың жұмыс жасауы табылады.
«БҰҰ Әйелдер» құрылымының өкілі Илейін Конкиевич жүргізген «Орталық Азиядағы гендерлік теңдік және адами әлеуетті дамыту» сессиясы тұрақты дамуды үдетудегі гендерлік теңдіктің және әйелдер мен балаларды кемсітуді жоюдың негізгі рөлін қарастырды. Талқылауға Еуропалық Комиссияның қаржылық қолдауымен дайындалған 2017 жылғы Орталық Азия бойынша Гендерлік зерттеудің басты нәтижелері ұйытқы болады.
«КӘЫК – ЕО-мен серіктестік келісімдердің жаңа буыны: сауда және бизнес» сессиясы шеңберінде қатысушылар Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімін (КӘЫК) жүзеге асыруды талқылады, аталмыш келісім ЕО мен Қазақстан арасында, әсіресе, сауда және инвестициялар саласында қол қойылған аса маңызды құжат болып табылады. ЕО КӘЫК-нің сауда және кәсіпкерлік туралы тарауларын тауар саудасы, мемлекеттік сатып алулар, зияткерлік меншік құқықтары, саудадағы техникалық тосқауылдар, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, сондай-ақ, кеден сияқты салаларда іркіліссіз жүзеге асыруда және орындалуына мониторинг жүргізуде қолғабыс ету үшін жан-жақты зерттеу жүргізді.
«ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы: Қазақстанмен консультациялар» сессиясының мақсаты жалпы ЕО және Орталық Азия елдері арасындағы, соның ішінде, Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастардың болашағын талқылау болды. Сессияда Қазақстандағы реформалар барысына және оның Орталық Азиядағы аймақтық интеграция мен ынтымақтастыққа қатысты көзқарасына ерекше көңіл бөлінді. Пікірталас нәтижелері 2019 жылға қарай ЕО-ның аймаққа қатысты жаңа стратегиясын дайындауға септігін тигізетін болады.
Қосымша сұрақтар бойынша:
Эльнара Байназарова, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Баспасөз хатшысы, тел.: + 7 (7172) 974567, e-mail: elnara.bainazarova@eeas.europa.eu
Анықтама
Астанада, ЕО пен Қазақстан Республикасының арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісіміне (КӘЫК) 2015 жылдың 21 желтоқсанында қол қойылды. КӘЫК-нің негізгі бөлімдері 2016 жылдың 1 мамырынан бастап уақытша күшіне ене бастады. Келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, ЕО пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, мәдениет, білім және ғылыми зерттеу салаларындағы ықпалдастыққа жол ашты. 1991-2014 жж. аралығында ЕО Қазақстанда жалпы сомасы 180 млн құрайтын 350-ден астам жобаны тікелей қаржыландырды. Бұл жобалар ҚР Үкіметінің әр түрлі министрліктері, ведомстволары мен комитеттеріне саяси кеңес және техникалық көмекке бағытталды.