Қазақстан мен ЕО жыл сайынғы Адам құқықтары жөніндегі диалогы мен Әділсот және ішкі істер мәселелері бойынша кіші комитет басқосуларын өткізді

27.11.2020

Брюссель, 27 қараша

2020 жылғы 26-27 қарашада Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ Адам құқықтары жөніндегі 12-ші диалог басқосуын, сондай-ақ Әділсот және ішкі істер мәселелері бойынша кіші комитеттің 18-ші отырысын өткізді. Пікір алмасу ашық әрі сындарлы сипатта болды.

Қарашаның 26 жұлдызында ұйымдастырылған Адам құқықтары жөніндегі диалог кезінде Қазақстан мен ЕО адам құқықтарына қатысты сұрақтардың кең ауқымын талқылады. Еуропалық Одақ COVID-19 індетіне байланысты денсаулық қорғау саласындағы дағдарыс ахуалдың шешемін табу мақсатында адам құқықтарын шектеу заңды, алға қойылған мақсатқа сәйкес, уақыт бойынша шектеулі, кемсітусіз және дәлелді болған жағдайда ғана қолданыла алатындығын атап өтті.

ЕО Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар үдерісін, оның ішінде Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің құрылуын мойындап, оларды азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше мән берді. ЕО 2021 жылдың 10 қаңтарына жоспарланған парламенттік сайлаудың еркін, әділ және ашық өтетіндігіне сенім білдіреді.

Еуропалық Одақ Қазақстанды өлім жазасын заң бойынша әрі іс жүзінде жоятын Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасын ратификациялауымен құттықтады. Екі тарап азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алу мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. ЕО қазіргі уақытта қолға алынған шараларды мойындай отырып, Қазақстанды азаптау туралы барлық шағымдар бойынша жедел, мұқият, бейтарап және тәуелсіз тергеулер жүргізуге шақырды. ЕО азаптау құрбандарының сот істеріне қатысты сұрақтарды алға тартты.

ЕО бейбіт жиналыстар мен бейбіт шеруге шығу құқығын қорғау, сондай-ақ осындай жиналыстар мен шеруге қатысушыларды заң аясында қудаламай, оларға санкция қолданбау керектігін табанды түрде  айтты. Еуропалық Одақ оң өзгерістерді, мысалы, жала жабуды декриминализациялауды құптады. Алайда ЕО белсенділерге, блогерлерге және журналистерге алдын-ала біле тұрып «жалған» ақпарат таратты (Қылмыстық кодекстің 274-бабы) деген айып тағылу туралы ақпараттың күннен күнге көбеюі, сондай-ақ «қорлау» және «билік өкілін қорлауға» (131 және 378-баптар) жататын заң бұзушылықтар үшін әлі күнге дейін қылмыстық жазаға тартылатындығы  алаңдаушылық туғызатынын білдірді.

Қатысушылар кәсіподақ заңнамасын талқылап, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықпен күресу бойынша әрекеттерге шолу жасады. Сондай-ақ, дін мен сенім бостандығы, кемсітпеу, көпжақты форумдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. ЕО БҰҰ бақылауына, оның ішінде ЕҚЫҰ-мен тығыз ынтымақтастықта БҰҰ-ның арнайы рәсімдері мен БҰҰ шарттық органдарының ұсынымдарын орындау арқылы ашықтықты сақтаудың маңыздылығын еске түсірді.
ЕО бірқатар жеке сот істеріне қатысты сұрақтарды алға тартып, кездесу соңында тиісті тізімді қазақстандық тарапқа тапсырды.

27-ші қарашада өткен Әділсот және ішкі істер мәселелері бойынша кіші комитет отырысында ЕО Президент Тоқаев жария еткен реформалардың жаңа кезеңін, атап айтқанда құқық қорғау, сот жүйесі және адам құқықтарының басымдығы саласындағы реформаларды құптады. ЕО заң үстемдігі саласындағы реформаларды қолдауға дайын екендігін растады. Сонымен қатар, тәуелсіз әрі бейтарап сот жүйесінің маңыздылығына назар аударып, 8 млн. еуроға тең Орталық Азиядағы заң үстемдігі бағдарламасының іске асырылуына шолу жасады.

ЕО пен Қазақстан азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық ынтымақтастықты талқылады. ЕО Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресу және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі қаржылық топтың (FATF) талаптарын орындау бойынша енгізілген реформалар мен механизмдерді құптады.

ЕО пен Қазақстан көші-қон, баспана беру және шекараны басқару, заңсыз есірткі заттар айналымына қарсы күрес және адам саудасына қарсы тұру мәселелері бойынша пікір алмасты. ЕО Қазақстанға ЕО қаржыландыратын Орталық Азияда шекараларды басқаруға көмектесу жөніндегі бағдарламаға (БОМКА) қатысқаны үшін алғыс білдірді. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша Қазақстан ЕО-пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырды және ЕО қаржыландыратын Орталық Азияда есірткіні таратудың алдын алу бағдарламасын (КАДАП) қолдай отырып, есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту үшін қолға алынған шараларды атап өтті.

Екі тарап та терроризмге қарсы іс-қимыл және зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын-алудағы халықаралық және аймақтық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. ЕО пен Қазақстан шетелдік лаңкес-күрескерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Қазақстанның тәжірибесін талқылады.

ЕО делегациясын Еуропалық сыртқы істер қызметінің Орталық Азия бөлімінің бастығы Борис Ярошевич мырза басқарды. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Дембаев Болат басқарды. Диалог пен кіші комитеттің келесі кездесулері 2021 жылы Нұр-Сұлтанда өтеді.

Peter Stano
Lead Spokesperson for Foreign Affairs and Security Policy
+32 (0)460 75 45 53